ҚазҰУ қарашаңырағында Ұлыбритания ғалымдары қонақта болды

15.04.2009

Көрулер: 3276

- Қазіргі тұрмыста дағдарыс сезілгенмен, университеттерге тиімділігі әлдеқайда көбірек тиіп жатыр, - дейді Ньюкасл университетінің (Ұлыбритания) ғалымдары. Ұлыбританияда көп адамдар жұмыстарын тастап, университеттерде білім алуға талпынып жатыр. Бүгінгі күннің өзекті саласы информатика болғандықтан ғалымдар осы сала бойынша ғылыми байланыстарын орнатып келеді.

PhD бағдарламасы бойынша ҚазҰУ-да докторанттарды дайындайтын білікті профессорлар құрамында келген Ньюкасл (New Castle) университетінің ғалымдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшыларымен кездесті.

Ньюкасл университетінің профессорлары Кристофер Филипс пен Пол Ежичелван ҚазҰУ-дың ректоры Бақытжан Жұмағұловтың жеке қабылдауында болып, оқу жұмысы жөніндегі проректор Мұрат Орынханов пен академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Гүлнар Балақаевамен кездесті, сонымен қатар ЖОО-ның оқытушылық-профессорлық құрамымен және студенттерімен әңгімелесті.

Кристофер Филипс ҚазҰУ-ға келген соңғы сапарынан бері өткен қысқа мерзім ішінде университеттің үлкен белестерге қол жеткізгендігін мәлімдеді. Осы кездесуде олар кредиттік технологияның жетістіктері мен оқу жүйесіндегі Интранеттің жұмысын талқылады. Мұндай жүйе Ньюкасл университетінде де қолданылады, ғалымдардың сөзіне сүйенсек, бұл студенттердің жұмыс бабын бақылап отырғанға және мониторинг жүргізуге қолайлы. Математик ретінде Кристофер Филипс метематик-студенттеріміздің теориялық дайындықтарын ерекше атап өтті. Қазақстандық студенттердің математика мен информатика салаларына деген икемділігі, кәсіби ортадаға жоғары біліктілігі, ғылымға деген құлшынысы шетелдік ғалымдарды педагог ретінде таңғалдырды. Ғалым тәжірибе алмасу үшін ҚазҰУ-дың докторанттарын Ньюкасл университетіне шақырды.

Ағылшын профессорлары Ұлыбритания мен Қазақстан ғалымдарының қарым-қатынастары екі жаққа да тиімді екендігін айтты: «Ғылымның кейбір саласын сіздер бізден жақсы меңгергенсіздер. Сондықтан біз де сіздерден үйренуге тырысамыз».

ҚазҰУ басшылығы қонақтардың сауалдарына жауап бере отырып, университеттің теоретикалық математика саласындағы ілгерілеуін атап өтті және теория мен тәжірибені ұштастыруға ерекше көңіл бөлетіндігін мәлімдеді. «Біздің ғылыми мектептеріміз тәжірибе жинақтап, бүгінгі таңда экономика саласында туындап отырған мәселелерді шешуге бет бұрып келеді», - деді олар.

Ньюкасл университетінің тағайындауымен магистратура курсына арналған Білім беру бағдарламасының директоры профессор Пол Ежичелван жоғары деңгейлі ғылыми конференциялар мен журналдарға арнайы рецензент ретінде жиі шақырылады. Профессордың айтуынша, шет елдерде ЖОО-ның дәрежесі ғылыми журналдар мен жетекші басылымдар бетінде жарияланатын материалдардың саны мен жиілігіне байланысты анықталады. ҚазҰУ-да білікті мамандар дайындайтындығын ескере отырып, Пол Ежичелван студенттер, магистранттар мен докторанттар әзірлеген ғылыми жұмыстардың нәтижелерін дүние жүзіндегі ең беделді ғылыми журналдарда жариялауға септестік ететіндігін айтты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі