«Жыл инженерлері» және «Инженерлік даңқ» атты халықаралық сыйлықтың иегерлері

17.03.2009

Көрулер: 5226

Білім, ғылым және инженерлік инновация саласындағы халықаралық әріптестік Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының жыл сайын өтетін басқосуында басты тақырыпқа айналды. Осы жолы жиналыс әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтті.

Инженерлік академия отырысы Халықаралық инженерлік академияның президенті Б.В. Гусев, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев пен ҚР ҰҒА академигі Асқар Құлыбаевтың қатысуымен өтті.

Жиналыс Инженерлік академияның негізін қалаған Ө.А. Жолдасбековтың туған күні қарсаңында дөп келгендіктен қатысушылар университет ректоратының алдындағы ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойды.

Инженерлік академияның президенті Бақытжан Жұмағұловтың алғысөзімен басталған жиналыс, оның халықаралық әріптестік пен трансферт дамуындағы Ұлттық инженерлік академияның ролі мен міндеттері көрсетілген баяндамасымен жалғасты.

- Ұлттық инженерлік академия қазақстандық ғылыми элитаны біріктіретін күшті қоғамдық бірлестік болып табылады. Оның күші - қазіргі уақыттың көкейтесті мәселелеріне деген көзқарастың бірлігінде. Сондықтан күллі әлемдік қауымдастық үшін қиын кезеңде өзінің «Дағдарыстан шығу кілті» бағдарламалық мақаласында әлемдік қаржылық дағдарыстан шығу жолдары мен жаңа тұжырымдамалық әдістемесін ұсынған Елбасына арқасүйер тіреу болуымыз керек, - деді ҰҒА академигі Бақытжан Жұмағұлов.

Әрі қарай әңгіме ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты жақсарту, жоғары оқу орны түлектеріне сұраныс тудыру, жоғары оқу орындары мен өнеркәсіп орындарымен әріптестік етудің нақты шараларын қолға алу жайында өрбіді. Негізгі екпін мемлекет басшысы қойған бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау жөніндегі жүйелі міндеттерді шешуге қойылды.

Осы жайлы және техника саласындағы Ресей мен Қазақстан арасындағы әріптестіктің болашақ перспективалары ресейлік академик Борис Гусевтің баяндамасында сөз болды. Ол Қазақстанның инженерлік академиясына жоғары бағасын беріп, Халықаралық инженерлік академия тағайындаған марапаттарды тапсыру мақсатымен келгендігін айтты. Қазақстанда және шетелде инженерлік іс пен білім берудегі тамаша озық жетістіктері үшін Халықаралық инженерлік академия академик Бақытжан Жұмағұловты «Инженерлік даңқ» орденімен («05» номерімен) марапаттады. Айта кетер болсақ, бұрынырақ бұл орденмен М. Калашников, Е.О. Патон сынды атақты инженерлер марапатталған еді. «Инженерлік даңқ» медальдері ҚР ҰҒА академиктері Асқар Құлыбаев пен Нәдір Нәдіровке табысталды.

Басқа қазақстандық инженерлерді бұл күні тағы да бір тосын жәйт күтіп тұрды. Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясы тұңғыш рет тарихта жалпыұлттық «Жыл инженері» байқауын өткізіп, оның нәтижесін жариялады. Оның жеңімпаздарының ішінде ҚР Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник, Қазақстан ЖОО Ассоциациясының президенті Рахман Алшанов, Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев және т.б. бар. Қаратай Тұрысов атындағы ұлттық инженерлік академия тағайындаған алғашқы сыйлыққа «ҚазГор» Жобалық академиясының Орталық жоба директор орынбасары Айбек Шыңғысов ие болды.

Жасырын дауыс беру нәтижесінде Ресей мени Қазақстан қаһарманы ғарышкер-ұшқыш Талғат Мұсабаев ҰИА-ның жаңа академиктер қатарына кірді. Инженерлік академия президенті оған Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі куәлігі мен мантиясын табыс етті.

Оқудағы, ғылыми-техникалық және қоғамдық жұмыстардағы үздік жетістіктерді ынталандыру және марапаттау мақсатында Алматының бірқатар жоғары оқу орындарының, оның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттеріне ҚР Ұлттық инженерлік академияның тұңғыш президенті Өмірбек Жолдасбеков атындағы стипендиялар табыс етілді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі