«БАЛАЛАРҒА ШАТТЫҚ СЫЙЛА!» атты студенттік қайырымдылық акциясы

10.03.2009

Көрулер: 4396

Қайырымдылық - жалпы адамзатқа тән әмбебап құндылық. Бүгінде көп адам қайырымдылықтың мәнісін жақсы түсінеді, қолдан келер көмекті аямауға тырысады. Қайырымдылық акцияларын өткізудің басты мақсаты материалдық көмек көрсетуде ғана емес, сонымен қатар адами қамқорлық пен жылулықты оған зәру жандарға сыйлау.

Мемлекеттік мекемедегі жетім балалардың өмірін қалыпты жағдай, олар бар қажеттерін алып жатыр деп бағалау кең етек жайған пікір. Экономика және бизнес факультетінің студенттері өздеріне «Шыныменен солай ма?» деген сауал қойып, Алматы қаласының №1 Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қоғамдық ортада қалыптасу мен икемделуге көмектесу мақсатында «Балаларға шаттық сыйла!» қайырымдылық акциясын ұйымдастыруға бел буды.

Акция барысында студенттер балалар арасында түрлі сайыстар өткізіп, балалар шығармашылығының көрме-галереясын ұйымдастырды. Сонымен қатар тәрбиеленушілердің тігін ісі, қолданбалы өнер үздік туындылары мен ағаштан жасалған жұмыстары қойылған бәйге өткізді. Барлық балаларға сыйлықтар табысталып, үздік туындылар бәйгесінде әр номинация бойынша екі жұмыстан таңдап алынды. Акцияның соңында балаларға сыйға тартылған түрлі-түсті теледидар тосын жәйт болды.

Қоштасар сәт келіп, Балалар үйінің басшылығы мен қызметкерлері қайырымдылық акцияның ұйымдастырушыларына алғыстарын білдіріп жатқанда, балалар ҚазҰУ-ден келген қонақтарды құр қол жібергісі келмеді. Олар суырыпсалмалылық пен таланттарын танытып, өлеңдерін оқыды, әсем әндер шырқап, алғыстарын көңілді би арқылы білдіріп жатты.

- Мұндай маңызды мәселелерге селсоқ қарау - жамандық тілеумен пара-пар. Саған қамқорлығын көрсететін жан болмаған қандай ауыр екенін елестетудің өзі қиын, - деп экономист-студенттер әсерлерімен бөлісіп жатты.

Студенттер өздеріне жақсы өнеге көрсетіп, акцияға бастама болған оқытушылары - экономика және бизнес факультетінің тәрбие жөніндегі декан орынбасары Таймұрзаев М.О., кәсіподақ төрайымы Алпысбаева Д.Е., аға оқытушылар Исағұлова Г.Д., Жұмабеков Х.Ы., Ахметов А., Бейсембаев Ж.Т., Әшірбекова Л.Ж., Бейсембаева М.С., сонымен қатар акцияны ұйымдастыруға және өткізуге атсалысқан студенттік мәслихат пен «Сұңқар» кәсіподағына алғыстарын білдірді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі