«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы: жетістіктіктері мен даму бағыттары

04.03.2009

Көрулер: 6156

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «ҚазҰУ ғалымдарының «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыруға қосқан үлесі: жетістіктері және даму бағыттары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы еліміздің ғылыми және мәдени дамуындағы күшті серпіліс болды. 2004 жылдан бастау алған бағдарлама әлемдегі теңдесі жоқ жоба болып табылады. Қазіргі таңда «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған, жаңа зерттеулер нәтижесінде қазақстандық ғылым көкжиегі құнды еңбектермен толықты.

Профессор Әбдеш Төлеубаевтың зерттеу тобы 2003 жылы Зайсан ауданының Шілікті ауылында Қазақстандағы үшінші Алтын адамды тапты. Пленарлық мәжілісте проф. Ә. Төлеубев жөндеуден өткізіліп жатқан Алтын адамның сұлбасы бейнеленген фотосуретті алғаш рет көпшілік назарына ұсынды. Басқа да тарихи зерттеулерді есептемегенде ҚазҰУ археологтарының «Мәдени мұра» бағдарламасына қосып жатқан елеулі үлесін байқауға болады.

Конференцияға келген ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Венера Жексембаева «мәдени мұра» бағдараламасының нәтижелері мен жетістіктерін орта және жоғары оқу орындарына енгізу мәселелері жайлы әңгімеледі.

- Біз барлығымыз жұмылып болашақ ұрпақ үшін «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруымыз қажет. Ұзақ уақыт ұмыт болған мәдени мұрамызды ұрпақтарға қалдыру - парызымыз, - деді В. Жексембаева.

ҚР Кино-фото және дыбыстық құжаттар орталық мемлекеттік мұрағат директоры Алла Сеитова өзінің баяндамасында ҚР Ұлттық мұрағат қорының бейне-, дыбысматериалдарын сақтау мәселелірін көтеріп, музыкалық жәдігерлерді «Асыл мұра» жобасы арқылы сақтаудың көрнекті мысалдарын келтірді.

Конференция барысында қатысушылар «Мәдени мұра» бағдарламасының екінші кезеңін дайындауға байланысты туындаған мәселелер мен алдағы тұрған шаралардың жоспарын белгіленіп, әрі қарай даму бағыттары мен келешекте атқарылатын шараларды талқылады.

Пленарлық мәжілісте ҚазҰУ-дың ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Нұрлан Темірбеков, тәрбие және тілдерді дамыту жөніндегі проректор Шолпан Джаманбалаева, ҚазҰУ жанындағы Археология және этнология орталығының директоры проф. Әбдеш Төлеубаев, ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Венера Жексембаева, ҚР Кино-фото және дыбыстық құжаттар орталық мемлекеттік мұрағатының директоры Анна Сеитова, деректану және тарихнама кафедрасының меңгерушісі Қамбар Атабаев, дүниежүзілік тарих кафедрасының меңгерушісі Қалқаман Жұмағұлов қатысты.

Конференцияға шақырылған қонақтардың ішінде Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің профессоры Шайыркүл Батырбаева, танымал саясаттанушы Әзімбай Ғали және т.б. еліміздің көрнекті ғалымдары мен қайраткерлері бар. Конференцияға орай ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми жаңалықтары мен басылымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

«Мәдени мұра» бағдарламасы Қазақстанда ұлттық сананың қалыптасуы және нығаюымен байланысты болғандықтан маңызды. Мәдени мұраны игеру - ұлттық сананың негізі, онсыз шынайы ұлтжандылық жоқ дейді конференцияға қатысушылар.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі