ҚазҰУ ХІІ жазғы универсиада жеңімпаздарын марапаттады

31.05.2023

Көрулер: 1533

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ХІІ жазғы универсиада жеңімпаздарын марапаттау жиыны өтті. Бұл күндері ҚР жоғары оқу орындарының жазғы универсиада ойындары Ақтау қаласында өтуде. ҚазҰУ-дың үстел теннисінен құрама командасы жарысты сәтті бастап, жүлделі орындарды жеңіп алды.

Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев спортшыларды жеңісімен құттықтап, университет абыройын арттырғаны үшін алғысын білдірді.


«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттік спортта үнемі үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Әлемдік спорт элитасына Ермахан Ыбырайымов, Светлана Подобедова, Дмитрий Баландин, Елдос Сметов, Денис Ұланов, Игорь Сон, Эльмира Сыздықова, Нұрислам Санаев, Нұрдәулет Жұмағали сынды ҚазҰУ спортшылары енді», – деп атап өтті ректор.


Университет басшысы ҚазҰУ құрама командасы жазғы универсиадада тоғыз жылдан бері командалық есепте жеңімпаз болып келе жатқанын тілге тиек етті.



Салтанатты шарада ректор Жансейіт Түймебаев жеңімпаздар мен жаттықтырушыларды ХІІ жазғы универсиадада үздік өнер көрсеткені үшін Алғыс хатпен марапаттады.

 


Айта кетсек, үстел теннисінен ҚазҰУ-дың ерлер командасы: Санжар Жұбанов, Ерасыл Ғаниденов, Есенгелді Рамазанов 2-орын және жеке есепте бір алтын медальді жеңіп алды. Ал жүзуден қыздар құрама командасы: Еңлік Ұлтарақова, Анастасия Графинина, Әсем Мелисова, Ангелина Толмачева, Людмила Яковлева 1-орынды иеленсе, ал ерлер командасы: Нұрдәулет Жұмағали, Ален Охотинский, Елдар Шекербек, Темірлан Әбдіраимов 2-орынға табан тіреді. Жеке есепте жүзушілер 12 алтын, 10 күміс және 2 қола медаль иеленді.


Өз кезегінде спортшы жастар университет басшылығы мен тәлімгерлерге қолдау мен зор сенім үшін ризашылықтарын жеткізді.


Биылғы универсиадаға 16 спорт түрінен ҚазҰУ-дың 115 спортшы студенті қатысуда.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі