ҚазҰУ ректоры «Қазақ әдебиеті: фотошежіре» фотоальбомының тұсаукесер рәсіміне қатысты

31.05.2023

Көрулер: 2636

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің 80 жылдығына арналған «Қазақ әдебиеті: фотошежіре 1920-1970 жылдар» атты фотоальбомның тұсаукесер рәсіміне қатысты.


Тағылымды жиында ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің директоры Ілияс Ысқақов, Түркі дүниесі жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет және ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері, әдебиеттанушы ғалымдар бас қосты.

Тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев жаңа жарық көрген фотошежіре альбомы бүгінгі қазақ руханияты үшін құнды еңбек екенін атап өтті.

«ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивін 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Бүгінгі жинақ жастар үшін үлкен жәдігер. Фотоқұжаттар жас ұрпақты өткен кезеңмен таныстыруда, тарихи сананы жаңғыртуда ерекше рөл атқарады. Ерекше фотожинақты құрастыруда мемлекет және қоғам қайраткері Жанай Омаровтың еңбегі зор.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Архивтану және деректану» білім беру бағдарламасы 1991 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Университет архившілер мен құжаттанушы мамандарды даярлауда жетекші орында. Өткен жылы ҚазҰУ-да халықаралық архившілер конгресін өткіздік. Біздің университет алдағы уақытта да архив орталығымен тығыз қарым-қатынаста ынтымақтастығын жалғастыра береді», – деді ректор.

«Қазақ әдебиеті: фотошежіре» фотоальбомы 1920-1970 жылдар аралығын қамтиды. Құрастырушы - белгілі публицист Жанай Омаров. Фотоальбомда ОМ КФҚДЖА қорында сақталған ақын-жазушылардың, әдебиеттанушы ғалымдардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің сирек кездесетін фотосуреттері, құнды тарихи құжаттар және қолжазбалар жинақталған. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин және т.б. ұлт зиялылардың фотоқұжаттары енген. Мазмұны хронологиялық тәртіппен құрастырылған жинақ бес бөлімнен тұрады.

 

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі