ҚазҰУ Цукуба университетімен серіктестіктің жаңа бағытын дамытады

31.05.2023

Көрулер: 2783

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Цукуба университетінің вице-президенті, профессор Онеда Осамамен кездесіп, өзара тиімді ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Университет басшысы өз сөзінде 2022 жылы Campus on Campus Директорлар кеңесінің 8-ші отырысы аясында Гренобль-Альпы университетінің (Гренобль, Франция) базасында Цукуба университетінің президенті, профессор Нагата Киосукемен маңызды кездесу өткенін және онда екі университет арасындағы серіктестіктің өзекті бағыттары айқындалғанын атап өтті. 


Зерттеу университеті мәртебесін алған ҚазҰУ бүгінде әлемдегі жоғары оқу орындарымен, институттармен, ұйымдармен, оның ішінде Жапонияның 28 жоғары оқу орнымен ғылым және жоғары білім саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты белсенді дамытуда серіктестік орнатқан. Сондай-ақ Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығымен, Жапонияның Қазақстандағы бизнес-қауымдастығымен, Халықаралық жапон қорымен тығыз қарым-қатынас дамып келеді.

Университет студенттері мен оқытушыларының академиялық ұтқырлығын арттыруға бағытталған Campus on Campus жобасы аясында 2022/23 оқу жылында ҚазҰУ-дың әртүрлі факультеттерінен бакалавр, магистр және докторантурадан 25 студент Цукуба университетіне оқуға жіберілді. Сонымен қатар Цукуба университетінің 19 студенті қысқы мектепке ҚазҰУ-дың шығыстану факультетіне келген.

ҚазҰУ 2019 жылдан бастап Campus on Campus жобасының қатысушысы болып табылады. Еліміздің жетекші университеті базасында өткен QS World University Rankings-2019 форумы аясында Цукуба университеті мен ҚазҰУ арасында меморандумға қол қойылды.

«Университетте шығыстану факультеті мен Қиыр Шығыс елдері кафедрасы табысты жұмыс істеп келеді. Жапон тілі мен әдебиеті бөлімінің 30 жылдық қызметі барысында 200-ден астам студент жапон тілін меңгерген. Профессор Ниномия Такаши факультетте 10 жылдан бері жапон тілінен сабақ береді», – деп атап өтті ректор.

­Өз кезегінде Цукуба университетінің вице-президенті, профессор Онеда Осама ЖОО басшылығы тарапынан ұйымдастырылған жеке кампус туры үшін алғысын білдіріп, университет инфрақұрылымын жоғары бағалады. Ынтымақтастықты арттыруға және өзара ықпалдастық аясын кеңейтуге қызығушылық білдіріп, бірқатар ұсыныстарды алға тартып, ҚазҰУ ректорын Цукуба университетінің 50 жылдық мерейтойын атап өтуге шақырды.

Профессор Онеда Осама сапар аясында Campus on Campus бағдарламасы бойынша факультет декандарымен кездеседі.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі