Тәртіп сақшыларына сыйақы берілді

18.01.2022

Көрулер: 3305

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде төтенше жағдай кезінде қалашық аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткен қызметкерлерге сыйақы берілді.

5-19 қаңтар аралығында оқу орнының әскери кафедра, жағдаяттық басқару орталығы, өндірістік қамтамасыз ету департаменті мен студенттер қалашығы қызметкерлері қауіпсіздік шараларын күшейте отырып, қарқынды жұмыс істеді. Олардың арасында Жағдаяттық басқару орталығы директорының орынбасарлары Рүстем Тынысбеков пен Ернар Оңалбеков, Өндірістік қамтамасыз ету департаментінің әкімшілік-шаруашылық жұмыс басқармасының басшысы Әубәкір Балықбаев, Студенттер қалашығының директоры Әбдіқаһар Сейітжанов, №14 жатақхана меңгерушісі Гүлмира Нұржаева және өзге де 60-қа жуық қызметкерлер бар. Ең төменгі жалақы көлеміндегі үстемақы қызметкерлердің еңбегін бағалау және ынталандыру мақсатында тағайындалды.

«Бұл күндері ректордың тапсырмасына сәйкес, кафедраның 32 запастағы офицері университеттің барлық ғимараттарын қорғауға атсалысты. Онда белгісіз топтардың бас сұқпауы және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қауіпсіздік қызметкерлерімен бірге тәулік бойы кезекшілік атқардық. Тәртіпсіздік кезінде орталықта оқ атылып, айнала аласапыран болып жатты. Мұндай жағдайдың елімізде қайталанбауын тілеймін», – дейді ҚазҰУ-дың әскери кафедра бастығы, полковник Олег Ажимов.  

Қазіргі уақытта кампуста бейне бақылау камералары арқылы барлық іс-әрекет жіті қадағаланып, қызметкерлер мен білім алушы жастардың қауіпсіздікте болуы және арандап қалмауы үшін жан-жақты шаралар қабылданған.    

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі