Үндістандық ғалыммен кездесу

21.10.2019

Көрулер: 3487

Ұлттық университеттің әл-Фараби кітапханасында атақты үнді ғалымы, Дели университетінің профессоры, Мұхаммед Хайдар Дулати туралы кітаптың авторы Мансура Хайдармен кездесу өтті. Оны тарих, археология және этнология факультеті ұйымдастырды.

Кездесу Абай атындағы ҚазҰПУ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан келген ғалымдар мен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің, магистранттарының және докторанттарының қатысуымен ерекшелене түсті.

Профессор Мансура Хайдармен кездесудің маңызы зор. Себебі, ортағасырлық мемлекет қайраткері, тарихшы-ғалым Мұхаммед Хайдар Дулати  қазақ тарихына тікелей қатысы бар тұлға. Ол алғаш қазақ хандығы туралы өз еңбектерінде деректер қалдырған. Сондай-ақ ғалымның шығу тегі қазақ екені жайында соңғы жылдары түрлі пікірлер айтылып жүр. Осы көзқарасты ұстанушылардың бірі де Мансура Хайдар ханым болып келеді.

Кездесу барысында Мансура Хайдар Шыңғыс хан ұрпақтары құрған мемлекеттер арасында тарихи байланыс жатқандығын айта отырып, Қазақстан мен Үндістанның арасындағы қарым-қатынастың ерте кездерден басталатыны және оған дәлел кейбір тілдік ұқсастықтарын ерекше атап өтті.

Үндістандық ғалым қазақтың ұлы ақыны Абай жайында да бірер сөз қозғап, оны әлі де толық зерттеу керектігін ұсынды. Жас кезіндегі армандарының бірі – Орталық Азия тарихымен айналысу болғандығын Мұхаммед Хайдар Дулатидың өмірі мен қызметі туралы еңбектерін жазғандығын айтқан ғалым әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымына және кездесуге қатысушыларға алғысын айтты.

www.kaznu.kz