Сәкен Майғазиевпен кездесу кеші

13.02.2019

Көрулер: 3189

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінің «Атамекен патриоттары» клубының ұйымдастыруымен «Жастар жылына» орай Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шығармашылық жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры, әнші, өнер қайраткері, аты аңызға айналған «Мұзарт» тобының мүшесі Сәкен Майғазиевпен кездесу өтті.

Кездесу барысында Сәкен Майғазиев өзінің өнерге алғаш қадам басқан сәттерімен, өнер жолының ауыр екенін, өнер адамының сезімтал жүрегі әртүрлі ауыртпашылықтарды көтере білу керектігін де жеткізді. Өзінің өнер жолымен қатар отбасын құрған кезендегі алғаш басталған сәтінде көрген қиыншылықтарымен бөлісіп, жарқын мақсатың болса әр қадамың ізгі болашаққа өзі жетелеп әкелетінін жастарға жеткізе білді. Жастардың көкейінде жүрген барлық сұрақтарға жауап беріп, жастарға арман-мақсат жолында ешқандай кедергіге мойымай, тек қана еңбектеніңдер деп ынта-тілегін білдірді.

Кездесуді әнмен әрлеуге, өнердегі іні-шәкірттері «МузартLIFE» тобының жігіттері де келді.

Кездесудің соңында нағыз Рухани жаңғырудың көрінісі болды. Тәй-тәй басқан балалары бар жас отбасылар Сәкен Майғазиевтің келетінін естіп, қазақтың көне дәстүрі бойынша балаларының тұсауын кесіп беруін сұрап, екі баланың тұсауы кесіліп, болашақ еліміздің ертеңі үшін қызмет етер тұлғалардай болсын деген тілек айтылды. Елімізге белгілі әнші, өнер қайраткері Сәкен Майғазиевпен кездесу осындай керемет нотада, таңғажайып әсерде аяқталды.

Кешті факультет деканы Хайдар Сүлейманұлы мен ақпараттық технология факультетінің Атамекен патриоттары клубының жетекшісі Болат Әбенов сөз алып,  ал кешті толықтай ұйымдастырған физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының доценті Гүлбану Жақсылыққызы қорытындылады.

Химия және химиялық технология факультеті, физика-техника факультеті мен ақпараттық технологиялар факультетінде бірлескен «Атамекен патриоттары» клубы бірнеше жылдан бері тәрбиелік мақсатқа сәйкес біршама жұмыстар атқарып келеді. Атап айтатын болсақ: ел ағалары мен аналары: Бекболат Тілеуханов, Мұхтар Шаханов, Мұхамеджан Тазабеков, Ринат Заитов, Серік Қалиев, Айша Кеңесбай, Перзент балалар үйінің анасы Айша ханым, Ардақ Назаровтармен керемет кездесулердің ұйытқысы болған.

www.kaznu.kz

Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасы

www.kaznu.kz