Корейтану саласындағы шетелдік зерттеулер

12.10.2018

Көрулер: 3502

 

Шығыстану факультетінде «Шетелдердегі корейтану ғылымын зерттеудің көкжиектерін кеңейту және нығайту» тақырыбында шетелдік корейтану ғылымы бойынша халықаралық семинар өтті.

Халықаралық семинарға әлемнің 15 елінен 18 ғылыми зерттеу тобы қатысты.

Корейтану бойынша зерттеулер корей тілі саласында ғана емес, сонымен қатар тарих, әдебиет, мәдениет сынды салаларда да жүргізіледі. Корея үкіметі Кореядан тыс жерлерде де корейтану ғылымының негіздерін дамыту мен нығайту мақсатында әртүрлі елдердегі корейтану саласында жұмыс жасап жүрген зерттеу топтарының ғылыми жобаларына әрдайым қолдау көрсетеді.

Корейтану Академиясының директоры Ан Бёнг Ук Қиыр Шығыс кафедрасы ұйымдастырған Халықаралық семинарда сөйлеген сөзінде осы іс-шара барысында зерттеу командаларының шетелдік корейтану бойынша жасалған жұмыстарының нәтижелерімен алмасып, оның болашағын талқылағандықтарын атап өтті. Ан Бёнг Ук «Бүкіл әлемдегі корейтану зерттеушілерінің арқасында қазіргі кезде корей толқыны күллі әлемге тарады. Алайда, бізге корейтануға деген жаңаша әрі нақты көзқарас пен оның ары қарай дамуы үшін бұдан да тереңірек зерттеулер қажет», - деп сөзін түйіндеді.

Алматы қаласындағы Корея Республикасының Бас консулы Джон Сын Мин мырза өз сөзінде: «Кореямен тығыз достық қарым-қатынастағы Қазақстан жерінде осы халықаралық семинардың өткізілуі өте маңызды болып табылады. Аталған іс-шараның Қазақстандағы корейтанудың дамуына қосатын үлесі зор. Қазіргі таңда Қазақстандағы корейтану кафедраларында 700-дей білім алушы корей тілін үйренуде. Алматы қаласындағы Елшілік жанындағы корей білім беру орталығында жыл сайын 2600-ге жуық адам корей тілін оқу үшін тіркеуден өтсе, Кореяның әртүрлі университеттерінде 1000-ға жуық қазақстандықтар білім алуда», - деп өз ойымен бөлісті.

Өткізілген халықаралық семинар корейтанушылар мен шетелдік корейтану бойынша сарапшылардың білім мен тәжірибе алмасу алаңына айналғандай.

Қиыр Шығыс кафедрасы