Ахмет Иасауидің рухани құндылықтары

31-нау-18

Көрулер: 3868

Түрксой кафедрасында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Иран-Тұран руханиятындағы Иасауидің орны» атты дөңгелек үстел өтті.

Шараға Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулы Хамид Риза, Түркі халықтары мәдени қорының директоры Ахмет Дағдұран, «Озан» Әзірбайжандар қауымдастығының төрағасы Гариб Мамедалиоғлы, «Турк Дүниясы» қорының директоры Карлин Нурдунұлы, Нұр-Мүбәрәк университетінің профессоры Мухитдин Исаұлы және белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.  

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Құрманалиева Айнұр Иран-Тұран жобасы аясында парсы және түркі тұлғаларының ғылыми еңбектері мен әдеби шығармаларын салыстыра отырып зерттеу, оны парсы және қазақ тілдеріне аудару мәселелері қолға алынып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ол осы бастаманың негізінде Ахмет Иасауидің «Диуани хикметі» алғаш рет парсы тіліне аударылғанын да ерекше атап өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Ежелгі Иран мен Тұран, ортағасырлардағы Иран мен Дешті Қыпшақ қарым-қатынастарының нәтижесінде адамзат құндылықтарын насихаттаған тұлғалардың мұрасы, оның ішінде ХІ-ХІІ ғасырда өмір сүрген Ахмет Иасауи шығармаларындағы рухани кемелдену жолдары хақында сөз қозғады. Атап айтқанда, Иранның Алматыдағы Бас консулы Хамид Риза «Сопылық танымдағы ақиқат іздері», Иран Мәдени орталығының директоры Сейіт Жәлоли «Иасауи мұраларының парсы шайырларына әсері» туралы баяндама жасады. Сондай-ақ шараға қатысушылар Ахмет Иасауидің түркі халықтары тарихындағы орны мен Иасауи танудағы өзекті мәселелер туралы өз ойларын ортаға салды.

Бабалар мұрасын насихаттау арқылы студенттерді ізгілікке, мейірімділікке баулу, ғұрып пен дәстүрді құрметтеуге шақыру – бұл шараның басты мақсаты болды. 

 Түрксой кафедрасы