Академиялық ұтқырлық тәжірибесі

20-нау-18

Көрулер: 3068

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының жапонтану бөлімінде «Академиялық ұтқырлық тәжірибесі» атты кеңейтілген кураторлық сағат өтті.

            Жапонтану бөлімі ҚазҰУ-мен келісім-шарт жасасқан серіктес жапон университеттеріне, атап айтар болсақ, Цукуба университеті, Васеда университеті, Токио шет тілдері университеті, Хоккайдо университеті, Сайтама университеті, Осака университетіне жыл сайын бірнеше студент пен магистрантты жапон тіліндегі не ағылшын тіліндегі түрлі бағдарлама бойынша, түрлі грантпен, түрлі мерзімге оқуға жіберіп тұрады.

            Жапониядағы оқуын тәмамдап, елге қайтқан студенттермен кездесу өткізу бөлімнің дәстүрлі шарасына айналған.

            Биылғы оқу жылында аталмыш шара екінші рет өткізіліп отыр. Бірінші рет күзгі семестр басында қайтқан студенттер мен магистранттар жапонтану бөлімі студенттері мен оқытушыларына мазмұнды кеш сыйласа, бұл жолы көктемгі семестрде елге оралған 4 курс студенттері өз тәжірибелерімен бөлісті.

            Мәдина Мошқал 2017 жылдың қаңтар айынан 2018 жылдың қаңтар айына дейін Цукуба университетінде JE-NIS бағдарламасы бойынша бір жыл оқып келсе, Әсел Уалиева JLCSP бағдарламасы бойынша Хоккайдо университетінде 2017 жылдың қазан айынан 2018 жылдың наурыз айына дейін тілдік тағылымдамадан өтті. Ал Диар Исламбеков Цукуба универсиетінде 2017 жылдың қаңтар айынан 2018 жылдың қаңтар айына дейін ағылшын тіліндегі ғылыми-зерттеу бағдарламасы бойынша білімін шыңдады.

            Студенттер өздері барған бағдарламаның артықшылықтары, Жапонияда болған кезде көзбен көргендері мен ойға түйгендері, алған әсерлері, кездескен қиыншылықтар жайлы әңгімелеп, өзінен кейінгі студенттерге ақыл-кеңестерін де айтты. Әр студенттің тартымды презентациясынан кейін тыңдаушылар тарапынан сұрақтар қойылып отырды.

            Соңғы уақытта Жапонияның жоғарыда аталған университеттерінен басқа да оқу орындарымен келісім-шарт жасалынды. Болашақта жапонтану бөлімі студенттерінің өздері арман еткен Күншығыс елінде оқу мүмкіндігі қазіргіден де артары сөзсіз.