Тегі бір түрік пен қазақ ынтымақтастығы

24.01.2018

Көрулер: 3541

ҚазҰУ басшылығы Түркияның Нийде Омер Халисдемир университетінің ректоры Мухсин Кармен бастаған делегация өкілдерімен кездесті.

Жиынды ашқан ҚазҰУ ректоры «Тарихи тамыры бір туыстас түрік елімен қарым-қатынасымыз ежелден бастау алған. Осы орайда ҚазҰУ Түркияның көптеген университеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып келеді. Сондықтан да екі ел арасындағы мәдени және рухани байланыстардың кеңінен дамуы кездейсоқ құбылыс емес» - деді Ғалым Мұтанов.

Кезекте сөз алған Түркияның Нийде Омер Халисдемир университетінің ректоры Мухсин Кармен өзі басқаратын университет туралы мағлұмат беріп, әріптестік орнатуға ниетті екенін жеткізді.

«Ашылғанына 26 жыл болған оқу орны осы жылдар аралығында республикамыздың білім беру жүйесі үшін жоғары білікті педагог кадрлар, экономистер, архитекторлар, ауыл шаруашылығы мамандарын, инженерлер мен ғылыми қызметкерлер даярлап келеді. Бүгінде оқу орнында 10 факультет, 2 институт, 6 кәсіби колледж және 30-дан астам мамандық бойынша білім береді. 2005 жылдан бастап университетте Erasmus бағдарламасы қолға алынып, әлемнің 21 әртүрлі университеттерімен академиялық келісім ынтымақтастығы орнаған», - деді Мухсин Кармен.

Кездесу барысында тараптар академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттер алмасу, бірлескен жобалар әзірлеу, тәжірибе алмасу және ғылыми-зерттеу қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған өзара тиімді екіжақты дамыту мәселелерін талқыға салып, университет ректорлары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Баспасөз қызметі