Алма Қыраубаеваның 70 жылдығы

24.11.2017

Көрулер: 4295

Қазақ баласының ұлттық болмысын қалыптастыру жолында тынымсыз еңбек еткен біртуар ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор-педогог Алма Қыраубаеваның 70 жылдығына арналған «Қазақ әдебиеттану ғылымы және ұлттық педогогика» атты тақырыпта республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Конференцияның басты мақсаты Алма Қыраубаеваның ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік мұрасын қазіргі заман тұрғысынан терең тану арқылы, «Рухани жаңғыру» атты бағдарының негізінде тәуелсіздік кезеңіндегі жаңа дәуірдегі ұлттық педагогиканың қалыптасу ерекшелігін, ұлттық үлгідегі мектептердің ашылуының мәнін зерделеу. А. Қыраубаеваның ұлт зиялысы ретіндегі, әдебиет тарихын зерттеуші ретіндегі қайраткерлік, шығармашылық қызметінің қазақ қоғамының әдеби-мәдени даму үдерісіндегі тарихи орнын айқындау болып табылады.

Аталмыш ғылыми-конференция Алма Қыраубаеваның «Өнегелі өмір» сериясының тұсаукесерімен басталды. Конференцияға Алма Мүтәліпқызының перзенттері, туыс-бауырлары, шәкірттері, кезінде бірге оқыған елімізге танымал азаматтар да келді. Атап айтсақ, ҚР жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, тарих ғылымдарының докторы, профессор академик Мәмбет Қойгелдиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбеков, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Шәрбану Бейсенова қатысты. Шара барысында ғалым Алма Қыраубаеваның қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі баяндалды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 30 жылдан астам талмай ұстаздық еткен Алма Қыраубаеваның бойындағы ерекше қасиеттерінің бірі – ол ұлтқа деген жанашырлығы еді, осынау бір бойындағы ұлтқа деген сүйіспеншілігі, еліміздегі тұңғыш ұлттық мектептің негізін қалауға түрткі болған еді. Ал бүгінде Қызылорда қаласы, Шиелі өңірінде Алма Қыраубаева атындағы мектеп бар.

Алма Қыраубаеваның дара да дана жолы ұрпағымызға үлгі болып ғана қоймай, оның артында қалған асыл мұрасы бүгінгі ұрпақтың сусындап өсер азығына айналғаны ақиқат.

 

Баспасөз қызметі