Тарих ғылымында өшпес таңба қалдырған ғалым

06.10.2017

Көрулер: 4338

ҚазҰУ-да белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қамбар Атабаевтың 70 жылдық мерейтойына орай еске алуға арналған «Деректану және архивтану: зерттеулердің жаңа парадигмалары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.  

Тарих археология және этнология факультеті, ҚР Мәдениет және спорт Министрлігі Мұрағаттық іс және құжаттама департаментінің ұйымдастыруымен өткен шараға белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.  

Шараның ашылуында сөз алған тарих археология және этнология факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаева: «Қ.Атабаев деректану ғылымының теориялық-методологиялық негіздерін жетік меңгеріп,    бұл ғылымның Қазақстанда дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірден-бір ғалым. Оның басшылығымен 1998 жылдан бастап ҚазҰУ-дың тарих факультетінде ашылған деректану және тарихнама кафедрасы жұмыс істеді. Кафедрада деректану және тарихнама бойынша білікті мамандарды топтастырып, ғылыми зерттеулермен қатар оқу-әдістемелік жұмыстарды заман талаптарына сәйкес жүргізе алды. Жалпы саны 200-ден аса ғылыми еңбектердің авторы. Деректану саласы бойынша 4 ғылым докторын, 8 ғылым кандидатын және ондаған магистлерді дайындады. Қамбар Махамбетұлы кафедра меңгерушісі қызметін атқарған тұста факультетте «Архивтану, құжаттар жүргізу және құжаттамамен қамтамасыз ету» және «Кітапхана ісі» мамандықтары ашылып, бәсекелестікке қабілетті мамандар даярланды»,- деді факультет деканы.  

Ғалымның бастамасымен республикалық археография және деректану орталығын құрылып, студенттер мен магистранттар арасындағы республикалық «Тарихымызды деректер арқылы таниық» атты байқаудың негізі қаланды. Көп жылдық зерттеулерінің нәтижесінде ол Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың Орынборда тұрған үйін тауып, көпшілікке танытқан ғалым. Шара барысында артында өлшеусіз із қалдырған ғұлама ғалымның өмірі мен қызметі жайлы жылы лебіздер мен ыстық ықыласқа толы мәнді де мағыналы естеліктер айтылып, баяндамалар тыңдалды.  

Баспасөз қызметі