ҚазҰУ-да «Green Technilogy» жазғы мектебі ашылды

19.07.2017

Көрулер: 3245

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ЭКСПО-2017 дүниежүзілік көрмесін қолдау мақсатында «Green Technilogy» халықаралық жазғы мектебі ашылды. Оған Ұлы Жібек жолы университеттері Альянсінің ынтымақтастық туралы бағдарламасы аясында Қытайдың ірі оқу орындары атсалысты.

Қазақстанда аталмыш сипаттағы ауқымды шара алғаш рет ұйымдастырылуда. ҚазҰУ профессоры Рафис Абазовтың айтуынша, халықаралық жазғы мектептің басты мақсаты – «жасыл технологиялар» мен «жасыл экономиканың» дамуында Қазақстан үлгісін көрсету. Соның бірі ретінде ЭКСПО-2017 көрмесін ерекше атап өтуге болады.

Жазғы мектеп жұмысына Бейжің, Гонконг, Сиань және Тайбейден және Назарбаев университетін қосқанда қырық бес студент қатысуда. Мектеп бағдарламасында Жаңа Жібек Жолы мен «жасыл экономика» құрудағы Қазақстанның рөлі қарастырылмақ. Сондай-ақ тұрақты даму мен халықаралық қатынастардың өзекті мәселелері бойынша ҚазҰУ-дың үздік ғалымдары ағылшын тілінде дәріс оқитын болады.

Алғашқы күні ҚазҰУ мұражайын, Әл-Фараби кітапханасын аралап, технологиялық парк пен «Жасыл технологиялар» аймағымен танысқан қатысушылар таңданыстарын жасырмады. Гонконг политехникалық университетінің студенті Хармони Чанг «Мұнда «жасыл экономикаға» аса көңіл бөлініп, «жасыл технологияларды» қолдап, оған студенттердің атсалысып отырғандығы мені қызықтыра түсті», - дейді. Өз сөзінде ол қажетті ақпарат алып, көптеген жаңа дүниелерді үйреніп жатқандығын атап өтті. 

 

Баспасөз қызметі