Ел сенімін ақтаған ер тұлға

28.06.2017

Көрулер: 4458

Байкен Әшімұлы экономиканың өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан, өзекті мәселелерді ерте аңғарып, болашаққа жоспар жасай білген, елдің қамын өз өмірінен де жоғары қойған іскер ұйымдастырушы, білікті де білімді азамат. Бейбітшілік кезеңінде өмірінің 40 жылдан астам уақытын республиканың мемлекеттік, партиялық, шаруашылық қызметіне арнап, Қазақ КСР Министрлер Кеңесін 14 жыл басқарып, Қазақстанның КСРО, халықаралық деңгейдегі беделін жоғары дәрежеге көтерген аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қазақ университеті» баспасынан жарық көріп келе жатқан «Өнегелі өмір» сериясының арнайы шығарылымы Байкен Әшімұлының ғибратты ғұмырына арналып отыр.

Кітаптың «таңдамалы еңбектері мен сұхбаттары» атты алғашқы бөлімінде өнегелі өмір иесі «өз жайын өзі айтады». Мұнда Байкен Әшімовтың «Ел сенімі – ең қымбатым» кітабынан үзінділері топтастырылып, танымал тұлғаның өмір жолы, балалық шағы, қызметіндегі қиындықтар мен қызықты кезеңдері көрініс табады.

Екінші бөлімде Байкен Әшімұлының ғұмыры мен сан-салалы қызметі жайлы бауырлары, немерелері, замандастары, әріптестері, айтулы аға буын өкілдері ескірмес естеліктерден сыр шертеді. Т.Молдағалиев, Х.Ерғали, К.Салықов, О.Сүлейменов тәрізді қазақтың маңдайалды ақындарының жүректен шыққан жыр шумақтары басылып жазылған. Сондай-ақ, кітаптапн жеке мұрағатындағы сирек құжаттары мен әр жылдары түскен суреттерін көруге болады.

Елбасының «Сіз менің адалдық пен тәрбиелілік жолындағы ұстазымсыз. Сіз біздің құрметті зиялыларымыздың көш басшысысыз. Сіз бойыңызға барлық жақсы қасиеттерді жинақтай білдіңіз және оны айналаңызға дарытудасыз. Сізге қарап жас ұрпақ бой түзеуде» деп берген лайықты бағасы Байкен Әшімовтың адами, азматтық қасиеттерін айтпаса да анықтап тұр. Оның халқы үшін сіңірген еңбегі ерен, ел дамуында қосқан үлесі зор. Заманының ауыр жүгін арқалаған тарихи тұлғаны тану, оны келешекке үлгі ету - борышымыз. Және ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың басшылығымен алаштың ардақты азаматтарының «өнегелі өмірін» жас ұрпаққа насихаттап келеміз.

 

Баспасөз қызметі