Жаңа мүмкіндіктер

24.06.2017

Көрулер: 3409

Ғылыми-білім беру байланысын орнату мақсатында ҚазҰУ-ға Томск политехникалық университеті (ТПУ) ректоры Петр Чубиктің басшылығымен арнайы келді. Ресейлік делегация ҚазҰУ-ға қарасты ортамамандандырылған оқу мекемелері мен университет студенттеріне арналған Samsung инновациялық зертхана жұмысымен танысты.

«Зертханада студенттер мен білім алушылар сандық технологияны жөндеуге тәжірибелік дағдыланып, техниканың сервистік қызмет саласын үйренеді. Бұл еңбек нарығында олардың бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді»,-деп атап өтті ҚазҰУ ғылыми-инновациялық қызметі бойынша проректор Тілекқабыл Рамазанов. Одан бөлек, қонақтар ҚазҰУ-дың ғылыми-технологиялық паркінде, Жағдаяттық қызмет көрсету орталығы мен университет мұражайында болды. ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтановпен кездесу барысында қонақтар оқу орнының білім беру және ғылыми-зерттеу қыхзметіне оң бағасын берді. «ТМД кеңістігінде қарқынды дамушы университет Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да болу біз үшін үлкен мәртебе. Әлемдік деңгейде алдыңғы орындағы жаңа зерттемелерді көріп, материалдық-техникалық, ғылыми инфрақұрылымның үдемелі дамып жатқандығына таң қалдым»,- деді өз сөзінде Томск политехникалық университетінің ректоры Петр Чубик.

Кездесу барысында тараптар қос дипломдық білім беру және бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізу жайын талқылады. ҚазҰУ ректорының пікірінше, мұндай коллаборация арқылы түлектер екі елдің дипломын ала алады. Петр Чубик айтқандай, осы жылы магистрлік қосдиломдық бағдарлама жүзеге асып, бірінші түлектерін шығарды.

Екі оқу орнының мол тәжірибесін есепке ала отырып тараптар ғылыми салада, ядролық медицина, физикалық медицина, ғарыштық материалтану технологиялары бағдарламалары бойынша магистрлік бағыттың ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Бірлесіп жұмыс істеу келешегін бағдарлай келе ҚазҰУ мен ТПУ ынтымақтастық келісімін орнатты.

Баспасөз қызметі