«ХХІ ғасыр филологиясының өзекті мәселелері» конференциясы

10.06.2017

Көрулер: 4008

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультетінде Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Алматы қаласының 1000 жылдығына, Аханов оқулары конференциясының 20 жылдығына арналған Аханов оқулары «ХХІ ғасыр филологиясының өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы басталды.

Шараны ұйымдастыруға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірге, отандық Қазақстан менеджмент, Экономика және болжау институты, Сүлеймен Демирел университеті, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті және шетелдік Лейкхед университеті (Канада) ат салысты.

Тіл білімі теориясының Қазақстанда дамуына даңғыл жол салған ғалым Кәкен Аханов есімімен байланысты бұл конференция сан жылдар бойында филология саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға бағытталған түрлі тақырыптарды көпшілік назарына ұсынып келді. 

Аталмыш ғылыми шараны филология және әлем тілдері факультетінің деканы Өмірхан Абдиманұлы ашып, тіл білімінің негізін қалаған тау тұлғаның қазақ тілі мен тіл білімінің дамуына тигізген еңбегі зор деп атап өтті. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастау алған шара «Аханов оқулары» атауымен дәстүрлі әрі Республика өңіріне ғана емес, алыс және жақын шетелдердің ғылыми қауымына танымал конференцияға айналды.    

Конференцияның пленарлық жиынында баяндама жасаған (Канада) Лейкхед Халықаралық университетінің проректоры Олдриж Жеймс Канаданың білім беру жүйесімен Лейкхед университетінің оқыту жүйесі жайлы мол мағлұмат берді. Сондай-ақ, осы оқу ордасынан келген профессор Агбо Сет «ХХI ғасырда 2-ші шет тілі ретінде ағылшын тілін оқыту мен үйрету» атты баяндама жасап, тілді үйрену мен оқытудың түрлі методикалық тәсілдерін таныстып, ғылыми жиында басқа да шет елдік ғалымдар ғылыми жұмыстарымен таныстырды. Және бүгінгі күні отанымыздан тыс жерлерде де танымал «Аханов оқулары» халықаралық конференциясының ең алғашқы ұйымдастырылып, дүниеге келуіне мұрындық болған сол кездегі басшылар проф. Ж. Д. Дәдебаев пен проф. Э. Д. Сүлейменованың естеліктері мен конференцияның түрлі жылдары туралы мәліметтерден көрініс беретін суреттер презентациясы конференция қатысушылары назарына ұсынылды. Аталмыш шара 3 маусымда да жалғасады.

 

 Баспасөз қызметі