ҚазҰУ – Цукуба университеті: алғашқы онлайн видеоконференция

12.12.2016

Көрулер: 4004

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бас ғимаратының залында шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасы жанындағы Жапония мен Орталық Азия ғылыми-оқыту зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстан мен Жапониядағы жапон тілін оқыту ісі: бүгіні мен болашағы» атты G-Global алаңындағы онлайн видеоконференция өтті.

Аталмыш іс-шараның мақсаты ҚазҰУ мен  серіктес Цукуба университеті арасындағы өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайту, екі оқу орнындағы жапон тілін оқыту ісінің бүгінгі жай-жапсары мен хал-ахуалын саралап, өзекті мәселелерін талдау болып табылады. Онлайн видеоконференцияны Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі Н.Б.Ем сөз сөйлеп ашты. Цукуба университетінің профессоры Оно Масаки, Цукуба университетінің докторанты Джю Хёнджю, Қиыр Шығыс кафедрасы жапонтану бөлімінің меңгерушісі М.Т.Шадаева, Қиыр Шығыс кафедрасы жапонтану бөлімінің магистранты С.Балтабековалар баяндама жасап, соңында екі жақ бірқатар мәселелер жайында пікір алмасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Цукуба университеті арасындағы қарым-қатынас 2007 жылдың қазан айында басталған. Содан бері Цукуба университетімен бірлескен бірнеше конференция, семинарлар өтті. ҚазҰУ-да 2009 жылы Цукуба университетімен Орталық Азияны зерттеу Орталығының 7-ші халықаралық ғылыми конференциясы, 2013 жылы 10-шы ғылыми конференция өткенін атап айтқан жөн. 2015 жылы шығыстану факультетінде Жапония мен Орталық Азияны зерттейтін ғылыми-білім беру Орталығының  (Цукуба университетінің Алматыдағы кеңсесі) ашылуына орай тағы бір бірлескен ғылыми семинар ұйымдастырылған болатын. Ал онлайн конференция алғашқы рет өткізіліп отыр.