Бизнес білімнен басталады!

05.12.2016

Көрулер: 2877

Табысты бизнесіңді баста!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен оқытушыларына және жас кәсіпкерлерге арнап белгілі халықаралық бизнес сарапшы Константин Шамбер «Дағдарыс жағдайында өзіңнің табысты бизнесіңді баста!» атты шеберлік сағатын өткізді. Кездесу жастарға бизнес білім беру жобасы аясында өтті.

Оқыту жобасы барысында ҚазҰУ мен бизнес бірлестік өкілдерінің қолдауымен өткен алғашқы кездесу 300-ден аса қатысушы жинады. Аталмыш жоба студенттерді кәсіби ортаға баулып, табысты бизнес жүргізу тәсілдерімен хабардар ету және жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Шеберлік сағаттың тақырыбына әртүрлі факультеттің оқытушылары мен студенттері және Алматы жоғары оқу орындарының өкілдері аса қызығушылық танытты.

Айта кетерлігі, ҚазҰУ басшылығы студенттердің университет бітіргеннен кейін білікті маман ғана болып қоймай, өз жобаларын жүзеге асырып, істері өрге домалар табысты жұмыс беруші болуы үшін еңбек етуде.

Бүгінде тұрақты кәсіпкерлік экономикалық және әлеуметтік дамудың басты факторы болып табылады. Германия стратегиялық халықаралық мәдени коммуникация орталығының директоры Константин Шамбердің айтуынша, кәсіпкерліктің басында интеллектуалды интрига болуы шарт. Жетістік жолы креативтілікті, өзіне сенімділікті және тапсырманы орындауда жаңашылдық пен ерекшелікті қажет етеді. «Кәсіпкер бұрын-соңды болмаған тың дүние ойластыра, құрастыра отырып тұтынушыға қандай-да бір пайдасын тигізер кемелдендірілген таңдаулы өнімді немесе сервисті ұсынуы керек»,- деп ҚазҰУ-дың экономика және бизнес Жоғары мектебіне шақырылған шетел профессоры атап өтті.

Ол дағдарыс жағдайындағы инновацияның рөлін баса айтып, Йозеф Шумпетердің «Кәсіпкер - ол жаңа идеяны немесе өнертабысты жемісті жаңалық ететін адам» деген тіркестерін тілге тиек етті. «Инновация - клиенттің өзі аңғармайтындай қылып, олардың қажетін қанағаттандырып, мәселесін шешу. Кәсіпкерлік - ақша көзі ғана емес, қоғамға пайдасын тигізер үдеріс»,- деп Константин Шамбер сөзін жалғастырды.

Сарапшы шеберлік сағатында істерінің тұрақты дамуы үшін идеяны тұжырымдау, өз бағытын тауып, бизнесті қалай бастау және қандай жабдықтар қолдану керектігі жөнінде ақпарат берді.

Спикер студенттер үшін Германия мен Қытайдағы табысты басқарудың халықаралық практикасын, сонымен қатар, IKEA Ингвар Кампрадтың кәсіпкерлік пен бизнес жүргізудегі тәжірибесін мысалға келтіре кетті.

Доктор Константин Шамбердің бастамасымен жастарға бизнес білім беру жобасы аясында өткен шеберлік сағаты келесі кездесулерде өз жалғасын таппақ.

КБАҚ және ҚБ