17 қараша - Бүкіләлемдік философия күні!

16.11.2016

Көрулер: 3995

17 қараша - Бүкіләлемдік философия күні!

ЮНЕСКО шешімі бойынша Бүкіләлемдік философия күні 2002 жылдан бері қарашаның әрбір үшінші бейсенбісі атап өтіліп келеді. Бүкіләлемдік философия күні - бұл пікірталас мен диалог күні, өз көзқарасын білдіріп, басқаларды түсіну және тыңдау, қазіргі заман мәселелері мен сын-тегеуріндеріне жауап ретінде интеллектуалдық серіктестікті құру мүмкіндігі.

2003 жылдан бастап философия және саясаттану факультеті Дүниежүзілік философия күнін мерекелеу қарсаңында  конференциялар мен дөңгелек үстелдер, пікірталастар және студенттік көрсетілімдер өткізуде. Осы жылы 17 қараша күні философия және саясаттану факультетінің ұжымы «Философия - қабілеттілік және мамандық» атты магистрант-философтардың дөңгелек үстелін, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі,философия ғылымдарының докторы, профессор А.Х Қасымжановтың 85 жылдығына арналған «Философтың миссиясы» атты философиялық мейманжайын және студенттік мерекелік-музыкалық шеру мен философтар туралы деректі фильмдер фестивалін ұйымдастырды. Ал 24 қараша күні А.Х. Қасымжанов пен А.Ю. Лифановтың 85-жылдығына, М.С.Орынбекованың 70-жылдығына және А.Ж.Келбугановтың 65-жылдығына орай VII Қасымжанов оқулары мен «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философиялық мектебі» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өткізуді жоспарлап отыр.

Айта кету керек, ЮНЕСКО философиясының миссиясы және жаһандық мақсаты - халықаралық ынтымақтастықтың идеялар зертханасы мен катализаторы ретінде қызмет ету, негізделген зерттеулерге талпынып, білім кеңістігін қалыптастыру. ҚазҰУ-дың философиялық мектебі мен 2013 жылы құрылған «Философиялық конгресс» Қазақстан кәсіби философтарының бірлестігі осы принциптер бойынша жұмыстарын жүзеге асырып келеді.

Конгресс президенті, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің философия және политология, дінтану институтының директоры З.К.Шәукенованың айтуынша, «елімізде дүниетаным мен дұрыс бағдар қалыптастыру жаңа перспективалық философиялық зерттеулер мен сындарлы шешімді қажет етеді». Осы тапсырмаға сай, факультет ғалымдары еліміздің 25 жылдығына арналған «Қазақстан философиясы әлемдік философия кеңісітігінде: тарихы, заманауи бейнесі және келешек» атты ІІ конгресске қатысқан болатын.

2016 жылы Конгресстің Философиялық қоғам Халықаралық Федерациясына қабылдануы - қазіргі заманғы қазақстандық философияның табысы мен жоғарғы жетістіктері, ғаламдық ауқымда көрініс табуы соның айқын бір дәлелі. «Философия әлемнің барлық қуаты мен күшін біріктіруде бірлік индикаторы және таным құндылығын қалыптастырушы канал ретінде әлемдік дамуда маңызды рөл атқарады», - деп Философиялық қоғам Халықаралық Федерациясының бас хатшысы Лука Мария Скарантино атап өтті.

Философия кафедрасы Бүкіләлемдік философия күнімен біздің еліміздің және әлемдік қоғамдастықтың барлық философтарын құттықтайды! Өсіп-өркендеуді және жаңалық пен шығармашылыққа толы толағай табыс тілейді!!! Мереке құтты болсын, құрметті әріптестер және достар!!!

          Ғалия Мямешева,

философия кафедрасының доценті