Сенімді ынтымақтастық

16.09.2016

Көрулер: 2950

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры атына БҰҰ UNAI «Академиялық ықпал» бағдарламасының жетекшісі Раму Дамодараннан алғыс хат келді.

«Жаһандық мәселелерді шешуге қосқан үлестеріңіз үшін Сізге және ҚазҰУ-дың үлкен ұжымына шексіз алғысымды білдіремін. Университет тұрақты даму бойынша жаһандық хабты өз деңгейінде лайықты басқарып келеді», – деп жазылыпты Раму Дамодаранның хатында.

Халықаралық белді ұйымның бастамасы әлемнің 120 елінен 1000-нан аса жоғары оқу орындар мен зерттеу орталықтарының басын қосып отыр. ҚазҰУ жаһандық мәселелерді шешуде ғылыми білім беретін ортаны тиімді пайдалануда. Университет БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның қағидалары мен бастамаларын дамытуда белсенді қызмет етуде. Сол арқылы әлем университеттерінің студенттері мен ғалымдарының зияткерлік және академиялық әлеуетін біріктіріп отыр.

«БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун ҚазҰУ-дың ұйым жұмысына және жаһандық мәселелерді шешуге қосқан зияткерлік үлесін, сонымен қатар университет қызметін жоғары бағалайды. Университет тұрақты даму бойынша мәселелерді шешуде және жасыл экономикаға байланысты мақсатқа бағытталған жұмыстар атқаруда. ҚазҰУ БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасына қосылғалы бері халықаралық ұйымның бірқатар жаһандық, аймақтық және ұлттық бастамаларын белсенді жүзеге асырып келеді», – деді БҰҰ бағдарлама жетекшісі.

Мәселен, ҚазҰУ-ға БҰҰ-ның Бразилияда өткен дүниежүзілік «RIO+20» саммитінің секциясын басқару мен ел Президенті Н.Назарбаевтың бастамасын қолдау мақсатында «Жасыл көпір – ұрпақтан ұрпаққа» жобасын таныстыру мәртебесі табысталған болатын. 2014 жылы Астаналық экономикалық форум аясында ҚазҰУ «Еуразиялық әртүрлілік және тұрақты дамудағы университеттердің ролі» атты Азиялық университеттердің ІІІ форумын ұйымдастырды. Тұрақты даму бойынша Колумбия университетімен бірге халықаралық MDP «Global Classroom» жобасын жүзеге асырып жатыр. Бүгінде ҚазҰУ «Al-Farabi university smart city», Model UN «New Silk Way», «Жасыл көпір», «Бизнес-Инновациялардың Азия-Еуропалық Конгресі» және басқа да көптеген жобаларды сәтті іске асыруда.

Сондай-ақ, бүгінде ҚазҰУ-да ЮНЕСКО-ның екі кафедрасы ашылған. Оның бірі география және табиғатты пайдалану факультетінде тұрақты даму бойынша жұмыс істесе, екіншісі – БАҚ-ты дамыту, журналистика мен медиа білім беру саласында ірі жобаларды жүзеге асыратын журналистика бағытында.

БҰҰ ҚазҰУ-дың тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабын басқару мәртебесін 2018 жылға дейін ұзартты. Профессор Дамодаран университеттің осы уақытқа дейін хабты басқарудағы табысты қызметі мен халықаралық QS рейтингіндегі үздік көрсеткіштері, «ғылыми теорияның тәжірибе жүзінде іске асуы мен университеттің зияткерлік және әлеуметтік жауапкершілігі» аталмыш ұйымның университетке деген үлкен сенімін арттыра түскендігін ерекше атап өтті.