ҚазҰУ-да Орталық Азия елдері арасындағы жапон тіліндегі XX шешендік өнер сайысы өтті

16.05.2016

Көрулер: 3215

2016 ж. 30 сәуірінде әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті негізінде жапон тілі бойынша 20-шы Орталық Азиялық шешендік өнер сайысы өтті. Онда Орталық Азия аймағының 5 мемлекетінен: Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан және Қырғызстаннан 17 сайыскер қатысты.

Байқауды Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кавабата Ичиро мен аль-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Бүркітбаев Мұхамбетқали Мырзабайұлы құттықтау сөзімен ашты.

Шараның ұйымдастырушыларының қатарында Қазақстандағы жапон тілі оқытушылары Қауымдастығы, Қазақстан Республикасындағы Жапония Елшілігі және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ болды. Шешендік өнер сайысының ойдағыдай өткізілуіне Қазақстан Республикасындағы жапон Қауымдастығы, Қазақстандағы Жапон кәсіпкерлерінің Қауымдастығы, Қазақстан-жапон адам ресурстарын дамыту орталығы мен Жапон қоры қолдау көрсетті.

Сайыстың нәтижесі бойынша 1-ші орынды Өзбекстаннан келген студенттер, 2-ші орынды Қырғызстандық студенттер алды, 3-ші орын тағы Өзбекстан қатысушысына бұйырса, ал 4, 5-ші орындарды Қазақстанның студенттері иемденді.  

Бұл сайыс көптеген мемлекеттерді Жапония мен жапон тіліне деген сонымен бірге Жапония мәдениетіне деген терең қызығушылықпен біріктіреді. Бұл сайыста студенттер жапон тілі бойынша өз шеберліктерін көрсетіп, өздері оқыған оқу орындарынан алған барлық білімдерін байқатты. Бұндай байқау студенттерді одан да мықты дайындыққа жігерлендіріп, сахнада өздерін көрсетуге деген ынтасын арттырады. Жапон тіліндегі шешендік өнер сайысы жапон тілін үйрену жолында орасан зор ынталандыру болып табылады.