ҚазҰУ Жаңа Жібек жолында

20.04.2016

Көрулер: 3964

Бүгінде Ұлы Жібек жолының қайта жандануы Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық серіктесі Қазақстан үшін үлкен мүмкіндіктер көкжиегі. «Нұрлы жол» және «Жаңа Жібек жолы» бағдарламалары халықаралық нарыққа шығуға жол ашады және ол елге инвестициялар мен өзге де қорларды тартуға арналған қуатты құрал болмақ.  Аталмыш халықаралық бастаманы жүзеге асыруда және екі ел арасындағы білім, ғылым, инновация саласындағы әріптестікті тереңдету мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірқатар жаңа жобаларды ұсынды.

 Аспан асты еліндегі көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі Бейжің шет тілдер университетінде (БШТУ) алғаш рет әлемнің өзге де тілдерімен қатар 73-тіл болып қазақ тілі оқытылатын болады. Қытайдың көне университеттерінің бірі  әрі әлемде дипломатиялық  мамандардың ұстаханасы саналатын жоғары оқу орнында қазақ тілінде білім алатын қытай студенттерін қабылдаудың алғашқы легі өз жұмысын бастап кетті. Алдағы уақытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқу үдерісінде әдістемелік қолдау көрсетіп, білікті мамандарын көмекке жіберіп отырады. ҚазҰУ делегациясы қазақстандық Орталыққа қазақ тіліндегі әдістемелік материалдар, сөздіктер мен көркем әдеби кітаптар сыйға тартты.

Тағы бір маңызды келісім қазақстандық жоғары оқу орын мен Гонконг политехникалық университеті (PolyU)  арасында жасалды. Екі жақты жұмыс нәтижесінде Гонконгтың жетекші университеттерінің қатысуымен Алматы қаласында толыққанды инновациялық ғылыми-танымдық Хаб «KazNU-PolyU құзіреттілік орталығы» ашылады. Аталған Хаб инновациялық білім және ғылым саласындағы басты идеяларды жүзеге асыруға арналған жаңа алаңқай болмақ.

Қытайға сапар барысында ҚазҰУ делегациясы Сиань қаласында әлемнің 100 ЖОО-сын біріктірген Жаңа Жібек жолы университеттері Альянсының көлемінде өткен World-Class Universities Expo халықаралық деңгейдегі көрмеге қатысты. Осыдан біраз бұрын Xi’an Jiaotong University оқу ордасында  Альянс президенттері мен ректорларының Сиань декларациясына қол қойған жиыны өтті. Аталмыш жиында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Жаңа Жібек жолы университеттері Альянсы Атқару комитетінің вице-президенті болып cайланды.

Іс-сапардың маңызды нәтижелерінің бірі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Silicon Valley моделі бойынша IT-технопарк құру идеясын жүзеге асыру ҚазҰУ мен қытайлық серіктестердің бірлесіп атқарар жобасы болмақ. Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың суперкомпьютер және бұлттық есептеу базасында Жаңа Жібек жолы университеттері Альянсының халықаралық IT-технопаркін құру жұмыстары жүргізілуде.