Кафедра ардагері «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

22-сәу-23

Көрулер: 492

Н.Г.Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университетінің (Ресей Федерациясы) физика факультетіне жолданып, «Физика» мамандығы мен заманауи «Автоматтандырылған басқару жүйелері және электрондық есептеуіш машиналарын математикалық жабдықтау» мамандандыруы бойынша ұлттық кадр ретінде білім алып шыққан жас маман Болат ӘБЕНОВ 1975 жылғы қазан айының 2-жұлдызынан бастап қазіргі Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің (ҚазҰУ) Автоматтандырылған ақпараттық жүйелер зертханасына инженер лауазымына жұмысқа қабылданған. Университеттің Автоматтандырылған басқару жүйесін құрушылардың бастапқы легінен. Осы жұмыс орнында қарапайым инженерден АБЖ ішкі жүйелерін жасау және пайдалану бюросының бастығы қызметіне дейін көтерілген.

Біліктілігі мен жинаған өндірістік мол тәжірибесінің, іскерлігінің арқасында 1985 ж. қыркүйек айынан бастап жастайдан армандаған ұстаздық жұмысқа университеттің Басқару теориясы кафедрасына аға оқытушы қызметіне шақырылған. Содан бері өскелең жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді. Құрылымдық өзгерістерге байланысты Басқару теориясы, ЭЕМ мен кибернетиканы математикалық жабдықтау, Информатика, Дифференциалдық теңдеулер және басқару теориясы кафедраларының аға оқытушысы, университеттің инспекция (оқу бөлімі) бастығы, екі дүркін – механика-математика факультеті деканының орынбасары, көп жылдар Ақпараттық жүйелер кафедрасы меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген. Бүгінде – осы кафедраның аға оқытушысы.

Болат Құсайынұлы зейнеткерлікке шыққанға дейін жауапты орындаушы ретінде ғылыми жобаларды жүзеге асыруға белсене ат салысқан, қазір де үзбей халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық және оқу-әдістемелік конференцияларға қатысып тұрады. Басқарудың математикалық теориясы мен информатика және есептеу техникасын қолдану саласы бойынша 100-ге жуық ғылыми жұмыс жариялаған, қазақ тілді орта мектептердің 5-ші, 6-шы, 8-ші және 11-ші сыныптары оқушыларына арналған Информатика оқулығы мен осы пән бойынша жазылған әдістемелік құралдардың авторларының бірі.

Б.Қ.Әбенов «Ақпараттық технологиялар», «Алгоритмдер мен деректер құрылымы», «Жүйелік және қолданбалы программалық жабдықтар», «Операциялық жүйелер», «Операциялық жүйелер қауіпсіздігі», «Деректер қорларын басқару» сияқты жалпы курстар бойынша жоғары ғылыми-педагогикалық деңгейде дәріс оқып, аталған пәндерден тыс «Ақпараттық жүйелер негіздері», «Ақпаратты қорғау және ақпараттық қауіпсіздік», «Программалау тілдері» пәндері бойынша практикалық және зертханалық сабақтар өткізіп келеді.

Сонымен қатар, ол 10 жылдан аса университет жанындағы колледжде информатика циклынан қосымша сабақ берген. Себебі, үздіксіз оқыту ісі қолға алынған кезде механика-математика фаультетінің деканы академик Ш.Смағұловтың тапсыруымен Б.Қ.Әбенов колледжде «Ақпараттық жүйелер» мамандарын дайындаудың мемлекеттік стандарты мен оқу жоспарын құрып, бекіттіреді.

Ақпараттық жүйелер кафедрасы меңгерушісінің орынбасары қызметінен кейін кафедраның аға куратор-эдвайзері міндетін атқарды, факультеттің кәсіби-бағыттау жұмыстары үшін жауап берді, факультеттің және университеттің мәдени-көпшілік шараларына әлі де белсене араласады. Көркемөнерпаздар байқауының, куратор-эдвайзерлер сайыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы.

Ұлағатты ұстаз Болат Құсайынұлы Әбеновтің ұзақ жылдар бойғы табанды ғылыми-педагогтық еңбегі еленіп, Қазақстан Ұстаздар қоғамы бекіткен «Қазақстан ғалымы», «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 80 жылдығы», «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Жану ҒЗИ 25 жылдығы», «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен магистранттары «Сұңқар» кәсіби одағының 20 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен, қалтқысыз пәрменді қоғамдық қызметі үшін КСРО Жоғары білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының мақтау қағазымен марапатталған, бір өнертапқыштық авторлық куәлік иесі.

Ал биылғы мерекелі жылы ардагер ұстаз университет әкімшілігінің қолдауымен ҚазҰУ-дегі ең жоғары марапат – «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленіп отыр. Марапат құтты болсын, әріптес! Жаңа жеңістер тілейміз.