АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ МУЗЕЙ-ҮЙІНЕ ЭКСКУРСИЯ

22.11.2022

Көрулер: 553

ҚазҰУ-дың 1-курс студенттері Алтын Ақынбекованың жетекшілігімен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне барып қайтты.

 

ХХ ғасырдың ұлы реформаторы, қазақ зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі 1993 жылы ұйымдастырылып, өз жұмысын бастаған. Еске салатын жайт, 2022 жылы күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылған экспозициясымен қайта келушілерге ұсынылды.

 

Музей-үй 4 бөлікке бөлінген. 3 экспозициялық және кішігірім дәріс залынан тұрады. Үйде Ахаңның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін естеліктер, экспонаттар жинақталған.

 

Күрделі жөндеумен қатар заманауи жабдықтармен жаңартылған музейде сенсорлы тақталар орнатылған. Сондай-ақ, келушілер «Ахмет.Ұлт ұстазы» тарихи сериалын тамашалай алады. Әрбір экспонатқа «QR» орнатылған, толық ақпарат алуға болады.

 

Тұлға музейінде жаңаша өзгерістер бар. Ахмет Байтұрсынұлының жеке домбырасы Қызылордадан табылып, көрнекті ұстаздың «Арман» күйінің және оның орындауындағы әндердің ноталарымен бірге музейге қойылған. Ғалымның 150 жылдық мерейтойына орай қазақ, орыс тілдерінде жарыққа шыққан «Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағы» да музей көрмесінен орын тапқан.

 

Қазақ халқының рухани көсемінің 125 жылдық мерейтойында есімі берілген саябақта еңселі ескерткіші ашылды. Ашылу рәсімі 16 қараша күні президент Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен өткен. Студенттердің экскурсиясы су жаңа ескерткішпен танысумен аяқталды.

 

Қазақтың қарымды жазушысы Мұхтар Әуезов былай деген екен: «Ахаңның қазақ баласына істеген еңбегін, өнер, білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайды».

 

Ахметтей тар заманда үміт отынан сәуле алып, болашаққа сенім артқан қазақ асылын заман да, сол заманның өскелең ұрпағы да ұмытпақ емес. “Таулар алыстаған сайын биіктей береді” демекші, күн өткен сайын ұлт көсемінің рухани құндылығы арта бермек. Ғалымның тәлімді ғұмырына қызығатын жастардың арқасында Ахаңның шығармашылығы насихаттала береді деген ойдамын.

 

 

Айнур АНЛАМАСОВА

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультетінің 1-курс студенті