«Цифрлық Қазақстан» құру: әділетті қоғам үшін

18.11.2022

Көрулер: 699

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасы аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде «Цифрлық Қазақстан» құру: әділетті қоғам үшін» тақырыбында семинар болып өтті. Аталмыш семинар Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті Ғалия Майкотованың ұйымдастыруымен жүзеге асты. Семинар барысында «Дата журналистика» білім беру бағдарламасының 1 курс магистранттары Аманғалиева Аружан, Амантай Ақерке, Арапханұлы Рысбек, Зекенова Мадина, Нуритдинова Камелля, Пірмағанбет Әсем «Цифрлық Қазақстан» құрудың алғы шарттары мен бүгінгі күнге дейін жүзеге асқан бірнеше жобаларын талқылады.

 

«Цифрлық Қазақстан» жобасы жаһандану көшіне ілесуге, заман талаптарына сай адам өмірін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар IT бағдарламалар шығындарды азайтып, уақытты үнемдеуге көмектеседі, жемқорлықты жояды. Онда халық өзара ақпарат, тауар және қызмет түрлерімен сандық түрде жылдам алмасатын болады. Бұл бағдарлама 2017 жылы Н. Назарбаевтың бастамасымен қабылданған болатын. Мемлекеттік бағдарламаның негізі мақсаты – Қазақстан Республикасының азаматтарының тұрмыс сапасын жақсарту, мемлекеттік және тағы да басқа қызметтерді қолжетімді ету. Бағдарлама аясында төрт негізгі бағытқа көңіл бөлінген. Атап айтатын болсақ, бірінші – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қаматамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру, екінші бағыт – экономикалық салаларға цифрлы технологияны енгізу, үшінші бағыт – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру, төртіншісі – IT мамандарын даярлау. Қазіргі таңда осы төрт бағыт бойынша жұмыс жасалып жатыр. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында бірнеше дамыған елдердің тәжірибесі қолданылды. Оларға цифрлық технологияларды іске қосу жолында үлкен жетістікке жеткен Жапония, Қытай, Сингапур сынды елдерді жатқызуға болады.

 

Цифрлы Қазақстанды құру, инфроқұрылымды жақсарту еліміздің дамыған мемлекеттер қатарына қосылуына жағдай жасап қана қоймай, IT мамандары арасында бәсекелестікті арттырып, цифрлық технологиялардың сапасының жақсаруына септігін тигізеді. Журналистика факультетінің магистранттарының қатысуымен өткен семинардың басты мақсаты да осы.

 

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасында «Цифрлық Қазақстан» жобасы жайында да келелі мәселелер қозғалып, болашақта қол жеткізуге болатын жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктер туралы айтылады. Еліміздің жарқын болашағы үшін жасалып жатқан елеулі жұмыстарға қолдау білдіру, жастарды заман талабына сай маман ретінде даярлап шығу қазіргі отандық ЖОО-лар үшін басты міндеттер болмақ. Сонымен қатар, ел ішіндегі заманауи өндіріс орындарын жаһандық жағдайда жаңғырту және цифрландыру шеңберінде бір арнаға тоғыстыру керек. Сонда ғана Қазақстан экономикасы дамыған әлем елдерінің көшіне ілесіп, ақпараттық саланың тың жетістіктерін игере алатын болады.

 

 

Аружан АМАНҒАЛИЕВА

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

журналистика факультетінің 1 курс магистранты