ҚР ҰҒА академигі Еренғайып Мәлікұлы Шайқұтдіновтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Химия және химиялық инженерия саласындағы жоғары білім мен ғылымның заманауи трендтері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы

10.05.2023

Көрулер: 1035

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР ҰҒА академигі Еренғайып Мәлікұлы Шайқұтдіновтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Химия және химиялық инженерия саласындағы жоғары білім мен ғылымның заманауи трендтері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы басталды.

Шараға Қазақстан мен шетелдердің жетекші ғалымдары, оқытушы-профессорлар мен білім алушы жастар қатысуда.

Конференция аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультетінің оқу ғимаратында Е.М. Шайқұтдінов атындағы аудиторияның (215 аудитория) ашылу салтанаты өтті.

Пленарлық отырыста ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтауы оқылды. Ректор халықаралық ғылыми форумға қатысушыларға сәттілік тілей отырып, академик Еренғайып Мәлікұлының сүбелі еңбегін атап өтті.

Конференцияның ашылуында ҚР ҰҒА академигі, ҚР Органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры З. Молдахметов, Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Бижанов, Жану проблемалары институтының ғылыми жетекшісі З. Мансұров, Металлургия және кен байыту институтының бас директоры Б. Кенжәлиев сөз алып, ғалым еңбегінің маңызы және қазіргі химия саласындағы жаңалықтар хақында пікір білдірді.


Халықаралық шара әрі қарай пленарлық және секциялық отырыстарға ұласты. Онда ғалымдар органикалық заттар мен материалдардың химиясы мен технологиясын дамытудың заманауи трендтерін, сондай-ақ химия және химиялық инженерия саласындағы жоғары білім берудің өзекті мәселелерін талқылайды.