Сот мәжілісі мен медиация оқу залы

05.02.2018

Көрулер: 4792

     2018 жылдың 5 ақпанында сағат 12.00 – де әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің заң факультетінде сот мәжілісі мен медиация оқу залына Алматы қалалық Сотының Төрағасы қызметін атқарған, Б.Сыртанов атындағы заң ғылымдары Академиясының премиясының лауреаты Ештай Ақжан Жайлауханұлының атын беру салтанаты өтті.

     Ақжан Жайлауханұлы 1961 жылдың 5 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданының Екпінді ауылында туылған. 1983 жылы Е.А. Букетов атындағы КарМУ – нің заң факультетін тәмәмдағаннан кейін әр жылдары Целиноград, Оңтүстік Қазақстан облыстық соттарының судьясы, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер бойынша коллегия төрағасы, Ақмола облыстық сотының төрағасы, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы қызметтерін атқарған.

     2013 жылдың желтоқсан айында Ақжан Жайлауханұлы Алматы қалалық Сотының төрағасы қызметіне тағайындалып, 2017 жылдың 14 мамырына дейін осы қызметті атқарды.Ақжан Жайлауханұлы 30 жылдан астам уақыт судьялық қызметтер атқарған.56 жасқа қараған шағында Ақжан Жайлауханұлы өмірден озды.

     Ақжан Жайлауханұлы – Отанға қызмет етудің және өз мамандығына деген сүйіспеншілік пен адалдықтың үлгісі болған тұлға.Өз қызметіндегі жүктемесіне қарамастан, ол еліміздің алдыңғы қатарлы университеттерінде дәріс оқуға уақыт тауып, болашақ заңгерлердің білім деңгейін жоғарлатуға белсенді араласты.

     Ештай Ақжан Жайлауханұлы 2017 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің заң факультетінде сот мәжілісі мен медиация оқу залын құру туралы ой айтып, оны жүзеге асыруға белсенді кірісті, соның нәтижесінде қазіргі таңда азаматтық істер бойынша сот процесстерін өткізуге арналған қажетті құрылғылармен жабдықталған.

     Оқу сот мәжілістерін өткізу барысында студенттер азаматтық сот өндірісінің қатысушысы болып өз теориялық білімдерін бекітеді, процессуалдық құжаттармен жұмысты игеріп,азаматтық процесстің әр түрлі кезеңдерінің ерекшеліктерімен танысады, сонымен қатар, азаматтық істердің жекелеген санаттарын шешу арқылы сот риторикасы дағдысын қалыптастырып, тараптардың мүддесін білдіруді уйренеді.

     Заң білімінің дамуына және студент жастарды тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз үлесі үшін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің заң факультеті ұжымы Ақжан Жайлауханұлының атын заң факультетінің 315 аудиториясында орналасқан сот мәжілісі мен медиация оқу залына беру туралы ұсыныс жасады. Бұл бастама университет пен Алматы қалалық Сотының басшылығынан қолдау тапты.

     Аталған шараға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ректоры академик Ғ.М.Мутанов, Алматы қалалық Сотының төрағасы Н.А.Абдиканов, Ештай Ақжан Жайлауханұлының отбасы мүшелері, заң факультетінің басшылығы, құқық қорғау органдарының және атқару органдарының қызметкерлері, профессорлық-оқытушылық құрам, студенттер, магистранттар және PhD докторанттар қатысты.