«Сананың ашықтығы»

17.11.2017

Көрулер: 6393

ҚазҰУ-да «Сананың ашықтығы» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІІ халықаралық Медиа форумы өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен шараға қатысушылар қазіргі қоғамдағы рухани сананы жаңғыртудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі, кәсіби этика және көпэтносты қоғамда масс-медиа мәдениетін дамыту сынды бірқатар мәселелерді талқылады.

Форумға ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай, «Қазақстандық медиа альянс» республикалық ҚБ жетекшісі және өзге де мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары, Германия, Ресей, Өзбекстан елдерінен келген сарапшылар, медиа саласындағы отандық сарапшылар, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер, республикалық және аймақтық БАҚ өкілдері қатысты.    

ҚХА Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай: «Бүгінгі шара болашақ журналистерді дұрыс бағытқа апаратын, ұлтаралық, этносаралық мәселелердің шешілуіне қажет алаң. Сондықтан да білікті мамандар даярлауда сөз құдіретін түсіну арқылы сананы дұрыс қалыптастыру осындай алаңдарда кеңінен әңгіме болады», - деді Дархан Мыңбай.

Форумның бірінші күнінде көрерменге танымал тележурналистер қатысушылар мен студенттерге шеберлік сабақ өткізіп өз ойларын ортаға салды.

Белгілі тележүргізуші Қымбат Хангелдина: «Журналистер жаңа технологияны, өзге тілді, түрлі мәдениетті өзгеден жақсы білу керек. Сонда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады», - дейді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі ұлттар достығы мен татулығын әрқашан ту етеді. Сондықтан да форумға қатысқан белгілі сарапшылар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері осы тақырып жайлы жазғанда абай болу керектігін алға тартты.

Форум шеңберінде отандық және шетелдік жетекші спикерлердің шеберлік сабақтары интерактивті талқылау түрінде өтіп, шара соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистика саласында жыл сайын өткізетін «Шаңырақ» байқауының жеңімпаздары арнайы марапатталды.

Баспасөз қызметі