Мехматтың тұңғыш деканы

23.11.2016

Көрулер: 4924

Қазақ білімі мен ғылымының қалыптасып, дамуына елеулі үлес қосқан, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  механика-математика факультетінің ашылуына орасан зор еңбек сіңірген алғашқы деканы – профессор Хасен Ибрашұлы Ибрашевтің туғанына биыл 100 жыл.Білімге құштар, оқуға іңкәр көңілі асқақ армандарға жетелеп, қиын-қыстау кезеңге қарамастан, 1937 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал мемлекеттік педагогикалық университетіне оқуға түседі. Оны «математика» мамандығы бойынша 1941 жылы ойдағыдай бітірген соң, Алматы қаласындағы №12 қазақ мектебіне педогогтық жұмысқа жіберіледі. 1941-1943 жылдары Ұлы Отан соғысының майдандарында алғырлығымен, білімділігімен, батылдығымен және ұйымдастыру қабілетімен көзге түсіп,  аға лейтенант Х.И. Ибрашев  атқыштар двизиясының 232-взводының командирі болады. 1943 жылы ауыр жарақаттан кейін елге оралып, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне жұмысқа орналасады.

1943-1944 жылдары математикалық талдау кафедрасының аға оқытушысы, ректордың  оқу ісі жөніндегі көмекшісі, 1944-1948 жылдары университеттің осы сала бойынша  проректоры болып қызмет істеді.

Хасен Ибрашұлы - орнықтылық теориясынан елеулі нәтижелер алған ғалым. Ол кісінің Ляпуновтың екінші әдісі бойынша дәлелдеген теоремаларына осы кезге дейін сілтемелер жасалып тұрады. Мысалы, белгиялық математиктер Н. Руш, П. Абетс, М. Лалуаның «Прямой метод Ляпунова в теории устойчивости» деген монографиясында Х.И. Ибрашев дәлелдеген  теореманың маңыздылығы аталып, оған сүйене отырып есептер шығарылған.

Сондай-ақ 1959 жылы механика-математика факультетінің ашылуына және алғашқы деканы болғып тағайындалған профессор Хасен Ибрашұлы Ибрашевтың сіңірген еңбегі айрықша.

Студенттер мен оқытушылар ұжымы аса құрметпен қадірлейтін декан Хасен Ибрашұлының математикадан ұлттық кадрларды дайындауға бағытталған істері айтарлықтай. Факультетте қазақ бөлімі құрылды және есептеу математикасы, математикалық физика кафедралары ашылды. Қысқа мерзім ішінде механика-математика факультетінің оқу ғимараты салынып, онда уақытқа сай электрондық есептегіш машиналар жүйесі орнатылды.

Х.И. Ибрашев 1972 жылдан бастап өмірінің соңына дейін (1978 жыл)  жоғарғы алгебра және математикалық логика кафедрасының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды.

Х.И. Ибрашевтың Ұлы Отан соғысы майдандарында көрсеткен ерліктері мен бейбітшілік кезеңде математиканы дамыту, жас кадрларды дайындауға сіңірген ерен еңбектері мемлекет тарапынан елеусіз қалған жоқ. Ол «Великая Отечественная Война II степени», «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылы Ұлы Отан соғысы уақытындағы ерен еңбегі үшін», «Жеңістің 20 жылдығы», «КСРО қарулы күштерінің 50 жылдығы», «Лениннің туғанына 100 жыл» медальдарымен және  Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Хасен Ибрашұлы Ибрашевтың азаматтық болмысы, ұстаздық тұлғасы, ғалымдық бейнесі замандастарының жадынан кеткен емес. Ол жүріп өткен мағыналы да мазмұнды ғұмыр әрқашан сәулесін шашып тұрады.

 

М.А. БЕКТЕМЕСОВ,

механика-математика факультетінің

деканы, ф.-м.ғ.д., профессор;          

Ж.С. СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қазақстан Педагогикалық ғылымдар

академиясының академигі, п.ғ.д., профессор