Сәкен Майғазиевпен кездесу кеші!

Біздің университетіміздің Химия және Химиялық технология факультеті, Физика-техника факультеті мен Ақпараттық технологиялар факультетінде өздеріңізге белгілі «Атамекен патриоттары» клубы неше жылдан бері тәрбиелік мақсатқа сәйкес біршама жұмыстар атқарып келеді. Атап айтатын болсақ: ел ағалары мен аналары: Бекболат Тілеуханов, Мұхтар Шаханов, Мұхамеджан Тазабеков, Ринат Заитов, Серік Қалиев, Айша Кеңесбай, Перзент балалар үйінің анасы Айша ханым, Ардақ Назаровтармен керемет кездесулердің ұйытқысы болғаны бәріңізге мәлім.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химия және химиялық технология факультетітің «Атамекен патриоттары» клубының жылдық жоспарына сәйкес «Жастар жылына» орай Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шығармашылық жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры, әнші, өнер қайраткері, аты аңызға айналған Мұзарт тобының мүшесі Сәкен Майғазиевпен кездесу өтті. Кездесу барысында Сәкен Майғазиев өзінің өнерге алғаш қадам басқан сәттерімен, өнер жолының ауыр екенін, өнер адамының сезімтал жүрегі әр түрлі ауыртпашылықтарды көтере білу керектігін де жеткізді. Өзінің өнер жолымен қатар отбасын құрған кезендегі алғаш басталған сәтінде көрген қиыншылықтарымен бөлісіп, жарқын мақсатың болса әр қадамың ізгі болашаққа өзі жетелеп әкелетінін жастарға жеткізе білді. Жастардың көкейінде жүрген барлық сұрақтарға жауап беріп, жастарға арман-мақсат жолында ешқандай кедергіге мойымай, тек қана еңбектеніңдер деп ынта-тілегін білдірді.

Кездесуді әнмен әрлеуге, өнердегі іні-шәкірттері МузартLIFE тобының жігіттері де келді. Кездесудің соңында нағыз Рухани жаңғырудың көрінісі болды, тәй-тәй басқан балалары бар жас отбасылар Сәкен Майғазиевтің келетінін естіп қазақтың көне дәстүрі бойынша балаларының тұсауын кесіп беруін сұрап, екі баланың тұсауы кесіліп, болашақ еліміздің ертеңі үшін қызмет етер тұлғалардың тағдыры даңғыл жолға түсті. Елімізге белгілі әнші, өнер қайраткері Сәкен Майғазиевпен кездесу осындай керемет нотада, таңғажайып әсерде аяқталды.

Кешті факультет деканы Хайдар Сүлейманұлы мен Ақпараттық технология факультетінің Атамекен патриоттары клубының жетекшісі Әбенов Болат қорытындылады.

Физикалық химия, катализ және мұнайхимия

кафедрасының доцент м.а. Жақсылықова Г.Ж

Басылым күні :  14.02.2019