Физикалық химия бойынша олимпиада —халықаралық ынтымақтастыққа тағы бір қадам!

2022 жылғы 26-мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстан Республикасына ресми сапары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ашылуы өтті. Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту мақсатында химия және химиялық технология факультетінің физикалық химия, катализ және мұнай-химиясы кафедрасы 2023 жылғы 22-23 ақпанда ҚР ҰҒА құрметті академигі Хабибулла Құсайынұлы Оспановтың 90-жылдығына арналған республикалық және шетелдік жоғары оқу орындарының студенттері арасында алғаш рет "Физхимик–2023" халықаралық пәндік олимпиадасын ұйымдастырып, өткізді.

Оған қазақстандық студенттермен қатар И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің студенттері де қатысты. Олимпиада онлайн форматта, екі кезеңде өткізілді: тест және есеп тапсырмаларын орындау. Жарыс нәтижесінде І, ІІ дәрежелі дипломдармен, 100000 және 75000 теңге материалдық ынталандырумен ҚазҰУ студенттері Жақсыбай Бағашар, Ергешов Мақсат марапатталды, 3 орынды ҚазҰУ студенті Асқар Мұқанов және И. Арабаев атындағы ҚМУ студенті Оғұлай Ташматова (50000 теңгеден) бөлісті. Олимпиада қатысушыларына сертификаттар берілді. Олимпиаданың демеушісі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия факультетінің физикалық химия кафедрасының түлегі, Х.К. Оспановтың шәкірттерінің бірі Қарлығаш Қабиденқызы Алдабергенова (Әубәкірова) болды.


Басылым күні :  28.03.2023