ҒЫЛЫМҒА БАСТАР ЖОЛ

Химия және химиялық технология факультетінің «6В07104 – Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығында оқитын 1-ші курс студенттері оқу бағдарламасына сай осы жылдың мамыр айының 30-шы жұлдызынан маусым айының 11 жұлдызы аралығында екі апта бойына физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының доценті Ешова Жания Турлуановнаның жетекшілігімен оқу практикасынан өтті. Оқу тәжірибесінен өту барысында кафедраға қарасты оқу және ғылыми бағыттағы зертханалардың жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ студенттер Қазақ университетінің «Жаңа химиялық технологиялар мен материалдар» ғылыми зерттеу институтына және «Дәрілік өсімдіктерді ғылыми зерттеу» орталығына экскурсия жасады. Институттың негізгі қызмет түрі – Қазақстанда жаңа экологиялық таза химиялық технологиялармен материалдардың теориялық және практикалық негізін жасау. Экскурсия барысында кафедра доценті, химия ғылымдарының кандидаты Жаксылыкова Гулбану Жаксылыковна түрлі дәрі-дәрмектердің, мысалы, валидол, корвалол сияқты жүрек ауруларына арналған дәрілерді қалай синтездеп алуға болатыны жайында айтып берді. «Дәрілік өсімдіктерді ғылыми зерттеу» орталығының директоры, профессор Жеңіс Жанармен танысып, ғалымның ғылым жолындағы талай белестерді қалай бағындығаны жөніндегі әңгімесі суденттреге зор әсер қалдырды. Осы экскурсиялардан алған әсерлерімен 1-ші курс студенті Дүйсен Әсем «Қазақ университеті» газетінің 18 маусымда № 19 басылымында шыққан «Химия мамандығын дұрыс таңдаппын» атты мақаласында көпшілік оқырман қауыммен бөлісті.      

Басылым күні :  18.11.2022