Сыңғырла, соңғы қоңырау, сыңғырла!

Бүгін 2017 жылғы 25 мамыр күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің бейіндік мектеп оқушыларының  «Сыңғырла, соңғы қоңырау, сыңғырла!» атты салтанатты жиыны өтті.

Бейіндік мектеп үшін 2016-2017 оқу жылы да өз жемісімен, өз жеңісімен мəреге келіп жетті. Салтанатты жиынның қадірлі қонақтары университетіміздің шетелдіктерге жалпы білім беру дайындық кафедрасының профессоры,ф.ғ.д.,  Қазақстан Республикасының халық жазушысы Әзілхан Нұршайыхов атамыздың қызы Нұршаихова Жанар Әзілханқызы, білім беру үдерісін бақылау қызметінің жетекшісі, п.ғ.к. доцент   Оңалбеков  Ернар Сейткерімұлы өздерінің жылы лебіздерін және бітіруші  түлектерімізге «Сәт сапар!» тіледі.

Бейіндік мектеп директоры Алпысбаева Д.И. педагогикалық ұжымды, ата-аналар мен оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтап: «Сендер еліміздің мақтанышы, тірегі болуға тиіссіңдер Өйткені, сендер әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті бейіндік мектебінің түлектерісіңдер!» деп жылы лебізін жеткізді.

Мектебіміздің мақтанышы, президенті, «әл-Фараби» атты республикалық олимпиаданың жеңімпазы, түлегіміз  Тілеужан Ақбота өзінің шығармашылық өлеңін оқып, мектеп ұстаздарына алғысын білдіріп, сыныптастарына  «Ақ жол!» тіледі.

Жас түлектеріміз «Мектеп вальсін» билеп, «Бақытты жастар»  атты флешмоб биін билеп, «Соңғы қоңырау» атты әнін толқыта айтып, «Арманым орындалсын!» деген мақсатпен көкке шарларын ұшырып жіберді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті бейіндік мектеп ұжымы:

Жас түлектер, туған еліміздің мәртебесін асқақтатып, ата-аналарыңның сенімін ақтаңдар!!! – деп өз ақ тілектерін білдірді. 

Басылым күні :  29.05.2017