«Бір сәттік рахат сезім»

2016 жылдың 6 сәуірі күні Әл –Фараби атындағы ҚазҰУ Бейіндік мектебінде, осы мектептің 11- Б сынып оқушысы Копылова Алисаның «Бір сәттік рахат сезім» атты алғашқы сурет көрмесі болып өтті. Жас суретшінің шығармашылық көрмесі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығына арналды.

Атақты Квинт Гораций Флакк: «Сурет деген – өлең, бірақ сөзі жоқ өлең»,- деген еді. Жас суретші Алисаның шығармашылық жұмыстары көрмеге қатысқан барлық оқушыларды, мұғалімдер мен оқытушыларды және қонақтарды ерекше бір рахат сезімге бөлеп, оларға шабыт бергендей болды. Оның шығармаларында өмір мен адамзаттың терең философиясына толы аса бір құпиялық бар сияқты көрінді. Көрменің құрметті қонағы ретінде керемет суретші, Әл –Фараби атындағы ҚазҰУ –дың журналистика факультетінің редакторлық, баспалық және дизайнерлік көркемөнер кафедрасының доценті, Аргынбаева Марьяна келіп, Алисаның жұмыстарын өте жоғары бағалай отырып, өз тәжірибесімен бөлісіп, көптеген ақыл- кеңестер берді.

Суретші бұл көрменің тақырыбы оған етене жақын екендігін мойындады. Сурет салу - жүрегіне жақын екендігін, өз жұмысынан ләззат алатындығын сыр етіп, бөлісті. Алиса суретшілікпен жастайынан, 8 жастан бастап айналысқан көрінеді. Бүгінгі таңда ол көптеген марапаттың иегері:

  • 10-15 жас аралығында «2013 жыл- Жаңа жыл балалардың көзімен» атты сайыста ІІ орынды жеңіп алып дипломмен марапатталған;
  • Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің 50 жылдығына арналған «Балалардың ең үздік суреттері» атты сайысқа қатысып, дипломмен марапатталған;
  • «Олимпиаданың жұлдыздары» атты сайыста І орынды иеленіп, дипломмен марапатталған;
  • Ресей суретшілер академиясы жанындағы И.Е. Репин атындағы Мемлекеттік Санкт-Петербург академиялық суретшілер, скульптура және архитектура институтында сурет өнеріне үйренгендігі жөнінде Сертификат иегері;


Ендігі жердегі Алисаның алдындағы ең маңызды мақсаты- Ресей суретшілер академиясы жанындағы И.Е. Репин атындағы Мемлекеттік Санкт-Петербург академиялық суретшілер, скульптура және архитектура институтына оқуға түсу. Бүгінгі күні Алиса өз мақсатына жету үшін талмай еңбек етуде. Ол болашақта кәсіби суретші бола отырып, кітаптарға иллюстрация жасап, шығармашылық жұмыстармен айналысып, еліміздің суретшілік өнерін халықаралық деңгейге жеткізгім келеді дейді.

Сәт сапар Алиса!

Педагог-психолог: Имантусупова А.Д.

 

Басылым күні :  10.04.2016