«Қазақ философиясы» тақырыбында ашық тәрбие сағаты

2023 жылдың 10 наурызында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  университеті, философия және саясаттану факультетінде философия кафедрасының 1 курс докторанттарының ұйымдастыруымен «Қазақ  философиясы» тақырыбында  ашық тәрбие сағаты өтті. 

Тәрбие сағатының қадірлі  қонағы – философия ғылымында өзіндік сара жолымен ерекшеленген танымал философ-ғалым Нұрышева  Гүлжиһан Жұмабайқызы кездесуге келген «философия» мамандығының 1 және 2 курс студенттеріне қазақ халқының философиялық дүниетанымының қалыптасу ерекшеліктеріне, қазақ философиясының басты категорияларына, қазақ философиясының қазіргі таңдағы зерттелу жағдайына қатысты мазмұнды мәліметтер беріп, философиялық ойларымен бөлісті. 

Сонымен қатар, кездесу барысында профессор Гүлжиһан Жұмабайқызы студент жастарға ғылыми ізденіс жолы, білікті маман ретінде қалыптасу, өмірлік принциптерді қалыптастыру, тұлға ретінде қалыптасу, жас ұрпақты тәрбиелеу мәселелері жайында өте пайдалы ақыл-кеңестерін берді. Тәрбие сағаты қонақтардың әсерлі сырласуымен жалғасып, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының талантты жастарының өнерін тамашалаумен, сонымен қатар, Гүлжиһан Жұмабайқызының тәрбие сағатына белсенді қатысқан жастарға философия пәніне арналған  өз оқулығын сыйға тартуымен аяқталды. Кеш қонағы, құрметті профессорымыз Гүлжиһан Жұмабайқызына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреміз!

Басылым күні :  13.03.2023