«Еуразиялық интеграция: болашағы мен мүмкіншіліктері» деп аталатын тақырыпта қызу пікірталас өткізілді.

Ел экономикасының жарқын болашағы – жастар назарында.

Кез келген мемлекеттің жарқын болашағы – білімді жастар. Көзі ашық, көкірегі ояу, жаңалыққа жаны құмар жастар - өз елінің болашағына бейжай қарамайтындығы сөзсіз. Әрбір отансүйгіш азамат бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда өмір сүріп жатқанын жақсы түсінеді. Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек ету әркімнің асыл парызы. 

Осы ретте, 14 қараша күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультеті «Әлемдік экономика» мамандығының 4-курс студенттері арасында «Еуразиялық интеграция: болашағы мен мүмкіншіліктері» деп аталатын тақырыпта қызу пікірталас өткізілді.

Тамыз айында Елбасымыз Н.Назарбаевтың Ұлытау төрінде ұлт туралы толғанысы барша қазақстандықтарға терең ой салғаны анық. Соңғы екі онжылдықта әлем жаһандық, ал одан кейін экономикалық дағдарысты басынан кешірді. Әлемдік қауымдастық әлі де ауыр қаржылық дағдарыс пен әлеуметтік күйзелістен оңалу үстінде екендігі баршамызға аян. Экономикалық дағдарыс пен ұзаққа созылған тұрақсыздық кез-келген елдің бүгінгі таңда өмірге икемділігінің көп жағдайда басқа елдермен экономикалық ықпалдастыққа тәуелді екенін көрсетіп берді. Еліміздің кемел келешегі, еліміздің баянды болашағы үшін біздер бүгіннен ойлануымыз шарт. Жаһандану заманында елдің экономикасын дамыту тікелей үлкен серпілістер мен жаңа жобаларды талап етеді. Осы орайда Қазақстанның экономикалық ықпалдастыққа ұмтылып, Ресей және Беларусь мемлекеттерімен ЕАЭО-ға бірігуі болашаққа деген нық сенімді білдірері анық. Сол сенім ақтала ма? - деген сұрақ әрбір Қазақстан азаматтын ойландырмай қоймайды. Студенттер мен ғалымдардың ортақ тақырыпта бас қосуының басты себебі де осы еуразиялық интеграция аясы болды.

Бас қосудың ұйымдастырушысы э.ғ.к., доцент Назым Есбергенқызының жетекшілігімен өткізілген бұл іс-шара ізденімпаз студенттердің аса қызығушылығын тудырды. Еуразиялық интеграцияның болашағына үлкен сенім артатын «Парасат» тобы мен еуразиялық ықпалдастыққа сынай қарайтын, өзіндік ой-тұжырымы бар «Жастар үні» тобы өз пікірлерін ортаға салды. «Парасат» тобының мүшелері, «Әлемдік экономика» мамандығының 4-курс студенттері Мәулен Заманбек, Мұханбаева Ажар, Мұхамеджанова Айдана, Нұрмашев Нұрсұлтан, Жумагельдинова Меруерт, Ильясова Нұрила Еуразиялық ықпалдастық тарихына, ЕАЭО құрылу үдерісіне, Кедендік одақ кезеңіндегі экономикалық статистикаларға, еуразиялық интеграцияның болашақ артықшылықтары мен мүмкіншіліктерін атап өтті. Жастардың өзіндік пікірі мен анализдері сарапшылар мен қонақтарға экономикалық ақпарат бере отырып, өз позицияларын нақты фактілер мен дәлелдер арқылы толық қорғап шықты.

Келесі болып сөз алған «Жастар үні» тобының мүшелері Жангалиева Асель, Баратова Камила, Тұрманов Ермек, Алтынбекова Гульнара, Кабиденова Жадыра Еуразиялық интеграция негізіндегі келісім-шарттар мен заңдық нормалар, ЕАЭО кемшіліктері мен одақ аясындағы «төрт бостандықтың» қазіргі жағдайы, одақ елдерінің ішкі экономикалық реттеулері мен қаржы секторына аса көңіл бөлді. Сарапшылар мен ғалымдардың «Жастар үні» тобының дайындығы мен баяндамаларына жоғарғы баға берді. Осы сәт - пікірталастың қызған тұсы болды. Жалпы қорыта келгенде пікірталас барысында ЕАЭО негізгі болашағы мен мүмкіншіліктеріне төмендегі бес дәйекті айқын атап өтуге болады.

-         Отандық өндірушілер нарығы кеңейеді.

-         Көлік шығындары азаяды.

-         Қазақстанның транзиттік әлеуеті тиімді пайдаланылады.

-         Экономиканы әртараптандыруға серпін беріледі.

-         Шетелдік инвестициялар ағымын арттыруға жол ашылады.

Бас қосу сұрақ-жауап бөліміне ұласты. Ғылым докторлары мен ұстаздар қауымы тарапынан студенттерге күрделі сұрақтар қойылса да білімпаз жастар тайсалмады.

Пікірталастың сарапшылар алқасының мүшелері э.ғ.д., профессор Раушан Елемесов,педагогика ғылымының докторы ,профессор Садуақасова Р.А. ,экономика ғылымының кандидаты , доцент Медуханова Л.А. пікірталастың жоғарғы деңгейде өткенін атап өтіп, жастардың ғылыми әлеуетіне риза болды.

Сөз соңында Елбасымыздың «Еңсесін енді көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды ұрпақтың орны бөлек» деген сөзі елінің ертеңіне алаңдайтын нағыз азаматтың сөзі екендігін айта өттік. Жастар елдің ертеңі екендігі сөзсіз. Осындай ізденімпаз жастар - елінің баянды болашағының сенімді кепілі.



Басылым күні :  26.02.2015