Жаңа келісім-шарт – жаңа мүмкіндіктер

Қарашаның 25 күні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Жапонияның Ниигата қаласынан келген Кәсіпкерлік сала бойынша ЖОО-дан кейінгі білім беру Институтының делегациясымен ресми кездесу өтті.

Қонақтар алдымен Шығыстану факультетіне ат басын тіреді. Аталмыш оқу орнының әкімшілік департаментінің директоры Т.Сакума, халықаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Т.Мидзутани, делегацияны бастап келген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті жапонтану бөлімінің түлегі, Қазақстан-жапон экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комитет төрағасы Б. Құрмансейіт, Шығыстану факультетінің деканы Б.Н.Жұбатова, Қиыр Шығыс кафедрасы жапонтану бөлімінің меңгерушісі А.М. Токкарина және кафедраның жауапты оқытушылары М.Т.Шадаева, С.К.Боранкұловалардың қатысуымен өткен кездесу барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Жапонияның Кәсіпкерлік сала бойынша ЖОО-дан кейінгі білім беру Институты арасындағы келісім-шарттың маңыздылығы жайлы айтылды. Сондай-ақ, екі оқу орны арасындағы байланысты одан әрі дамыту жолдары және ҚазҰУ жапонтану бөлімі түлектерінің Жапонияның Кәсіпкерлік сала бойынша ЖОО-дан кейінгі білім беру Институтында МВА бойынша оқу мүмкіндіктері мен Қазақстан-жапон экономикалық ынтымақтастық комитетінің төрағасы Б. Құрмансейіттің тікелей қолдауымен кәсіпкерлік салада қызмет жасау мүмкіндіктері жайлы талқыланды. Артынша қонақтар факультет корпусын аралап, факультеттің тарихымен, қазіргі тынысымен танысты.

Ресми кездесу ҚазҰУ-дың бас ғимаратында жалғасты. ҚазҰУ-дың бірінші проректоры М.М.Бүркітбаев, академиялық мәселер жөніндегі департамент директоры А.К.Хикметов, халықаралық ынтамақтастық департаментінің директоры А.Б. Смаиловалармен жоғарыда атап өтілген мәселелер кеңінен талқыланып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Жапонияның Кәсіпкерлік сала бойынша ЖОО-дан кейінгі білім беру Институты арасында қол қойылған келісім-шартпен алмасу рәсімі өтті. Екі тарап та өзара байланыстың болашағына үлкен үміт білдіріп, аталмыш жобаның Қазақстандағы кәсіпкерлік саланы дамыту ісінде де маңызы зор екенін баса айтып өтті.

Басылым күні :  27.11.2015