Бірінші курстарды студенттер қатарына қабылдау

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының жапонтану бөлімі қыркүйек айының 30-шы жұлдызында Айналаңды нұрландыр жобасының аясында жаңадан келген бірінші курс студенттеріне арналған қабылдау кешін өткізді. Мерекелік жиынға арнап жоғарғы курс студенттері ойындар мен музыкалық нөмірлерге толы қызықты концерттік бағдарлама дайындап, жүргізіліп отырған іс-шараны барынша есте қаларлықтай етуге тырысты. Кештің шымылдығын кафедра меңгерушісі Ем Наталья Борисовна жас түлектерге сәтті оқу жылы мен қызыққа толы студенттік өмір тілей отырып, салтанатты түрде ашып берді. Жапонтану бөлімінің оқытушылар құрамы да студенттерден жылы құттықтау сөздерін аяған жоқ.

Университет – бұл тек білім ғана алып қоятын орын емес, сонымен қатар адамның тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін жаңа орта, яғни ұжым. Сол себепті де студенттер қатарына қабылдау кеші, түлектердің болашақта бірге білім алып, даму жолы бірге ұштасатын ұжыммен танысудың алғышарты десек қателеспейміз және оның маңыздылығы да осында.

Шара аясында бірінші курс студенттері факультеттің жетістіктері, келешек мүмкіндіктері жайлы толық мағлұмат алып, жоғарғы курс студенттерімен таныса алды. Жапонияда бір жылдай біліммен сусындап, тәжірибе жинап келген бөлім студенттері мен Жапонияның Сайтама университеті, Токио шет тілдер университетінен келген жапондық студенттер де кешіміздің арнайы қонағы болды. Олар өзінен кейінгі буынмен студенттік өмірдің қыр-сыры жайлы бөлісіп, шын жүректен шыққан ақ тілектерін білдірді. “Талай студенттің биік шыңдарды бағындыруына себепкер болған қасиетті мекенге қош келдің!” деген ортақ тілекпен мерекелік жиынның ресми бөлімі аяқталды.

Басылым күні :  05.10.2015