Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланады

14.04.2016

Көрулер: 17986

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 15 сәуірде еліміздің және түркі әлемінің тарихындағы ұлы қайраткерлердің бірі, "Алаш" ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы әрі көсемі, саяси қайраткер Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына арналған "Әлихан Бөкейханов және "Алаш мұрасы" атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Конференцияға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г. Н. Әбдіқалықова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғ. М. Мұтанов, ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Н. М. Оразалин және басқа ғылым, білім және мәдениет қайраткерлері қатысады.

Конференция ел тәуелсіздігін алуға орасан зор үлес қосқан "Алаш" ұлт-азаттық қозғалысының және оның көсемдерінің мұрасын кеңінен таратып, насихаттауға бағытталып отыр. Азаттықты аңсаған бабаларымыздың ұлы мұраты Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті Н.Ә.Назарбаев тұсында жүзеге асты. Ғалымдардың пікірінше, Президент алға тартқан "Мәңгiлiк Ел" идеясы "Алаштың" негізгі ұстанымы – қазақ бостандығымен тығыз үндесіп жатыр.

Ә.Бөкейхановтың озық ойлы идеялары оны Еуропа мен Азияның көрнекті саяси қайраткерлерімен бір деңгейге қойды. Бүгінде оның 150 жылдық тойы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Ә. Бөкейханов патшалық Ресей уақытында да, кеңес үкіметі кезінде де қазақтардың еркіндігі үшін күресті. Үш рет жазаға тартылған ол 1937 жылы ату жазасына кесілді. Тек жарты ғасыр өткеннен кейін ғана жазықсыз жаладан ақталды.

Ә. Бөкейханов Абылай хан мен Кенесары ханның мақсаттары мен ұлы істерін ұлт тарихының жаңа ғасырындағы лайықты жалғастырушысы. Ол ХХ ғасырдың басында «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының басшылығына келіп, ұлттық мемлекетті қайта жаңғырту қажеттілігі идеясының негізін қалап, мақсатқа жету жолдары мен негізгі міндеттерді айқындады. «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және сол қозғалыстың көшбасшысы болған Ә. Бөкейханов кезінде ұлттық интеллигенцияның тұтас бір буыны қазақтың ұлт ретінде сақталып қалуын, оның ары қарай дамуы мен гүлденуін қамтамасыз ету мақсатындағы іс-әрекеттері ұлттық тарих беттеріне алтын әріптермен жазылды. Бұл «Алаш» қозғалысы мен оның көшбасшысының ұлт тарихындағы рөлін анықтайды.

Конференцияда М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, Уәлихан Қалижанұлы «Ұлттың ұлы тұлғасы»; ҚР БҒМ тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Хангелді Әбжанов «Ә. Бөкейханов және ұлттық тарихты зерттеу методологиясы»;  ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор  Мәмбет Қойгелді «Әлихан Бөкейхан – Қазақ Ұлттық қозғалысының көсемі»; Мемлекеттік сыйлық иегері, академик О. Сәбден «Алаш идеясы арқылы өркениетке жаңа қадам" атты баяндамалар жасайды, сонымен қатар өзге де көптеген баяндамалар тыңдалады.

Конференция аясында Ә.Бөкейхановтың еңбектеріне арналған кітап көрмесі өтеді, публицист Мұхамеджан Сералин 1911 жылы негізін қалаған "Айқап" журналының жаңа санының тұсаукесері болады.

 

 

Анықтама үшін ақпарат: "АЙҚАП" - 1911 жылы жарық көрген қоғамдық-саяси, әдеби - көркем журнал. Журналдың негізін қалаушы әрі редакторы публицист, демократ жазушы Мұхамеджан Сералин болды.

Басылым 1911 жылдың қаңтар айынан 1915 жылдың шілде айы аралығында Мұхамеджан Сералиннің редакторлығымен 88 саны жарық көрді, С. Торайғыровтың, С. Сейфуллиннің, С. Дөнентаевтың, Б. Майлиннің және басқалардың мақалалары жарияланды. Журнал қазақ кедейлерінің мүдделерін қорғап, халықты оқу-білімге, дамуға үндеді. Қазақ прозасының, драматургиясының, әдеби сынының, сондай-ақ әдеби тілінің қалыпатасуында үлкен рөл атқарды.

1915 жылы журнал цензуралық себептерге байланысты жабылып қалды.

2012 жылдың шілде айынан бастап жазушы-қайраткер Қоғабай Сәрсекеевтің ұйымдастыруымен журналдың жалғасы ретінде тіркеліп, редакторлығымен 10 нөмірі жарық көрді.  

2016 жылдың сәуір айында ҚР ИДМ Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінде қайта тіркеліп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылтайшылығымен шығарыла бастады. Бас редакторы - Ғалымқайыр Мұтанов. Журнал жылына 4 рет шығады.

      

Конференцияның өтетін күні және уақыты: 2016 жылы 15 сәуір, 11:30-13:00 сағ.

Конференция өтетін орын: Әл-Фараби кітапханасы, үлкен мәжіліс залы

Байланыс телефондары: 8 (727) 377 31/48/49

www.kaznu.kz