«Әл-Фараби және қазіргі заман» атты халықаралық Фараби форумы өтеді

01.04.2016

Көрулер: 5780

 Құрметті әріптестер!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы, Түркі мәдениеті халықаралық ұйымы (ТҮРКІСОЙ), Философия, саясаттану және дінтану институты III ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФАРАБИ ОҚУЛАРЫ аясында (4-15 сәуір) 2016 жылдың 5-6 сәуірінде «ӘЛ-ФАРАБИ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЗАМАН» атты ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФАРАБИ ФОРУМЫН өткізеді.

Орталық Азия, Қазақстан, Шығыс дүниесі және әлемдік ғылым мен мәдениет тарихында Фараб қаласының (Отырар, Оңтүстік Қазақстан) данышпан тумасы, ұлы ойшыл, философ, ғалым-энциклопедист Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлақ әл-Фараби ат-Түркидің (870-950) есімі айрықша орынға ие.

Бүгінгі таңда Адамзаттың «Екінші Ұстазы» атанған ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасына деген үлкен қызығушылық бүкіл әлемде толассыз артып келеді. Түркия, Финляндия, Франция, АҚШ, Қытай, Иран, Иордания, Испания, Ауғанстан және т.б шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелері және ғалымдары тарапынан әл-Фарабидің шығармашылық мұрасын бірлесе зерттеуге қатысты түсіп отырған ұсыныстар оның айқын дәлелі бола алады.

Қазіргі кезде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Түркі әлемін зерттеу қоғамының бірлесуімен 2016 жылдың 25-27 сәуір күндері Әзірбайжан астанасы Баку қаласында Біріккен Ұлттар ұйымы Өркениеттер Альянсының (UNAOC) VII ғаламдық форумы аясында өркениеттер философы әл-Фарабидің идеяларын халықаралық деңгейде насихаттау мақсатында арнайы секция бағдарламасын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Осы ғаламдық форум барысында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына байланысты 2020 жылды ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ деңгейінде «әл-Фараби жылы» деп жариялау туралы ұсынысы да талқыланады. БҰҰ Өркениеттер Альянсының (UNAOC) VII ғаламдық форумында Түркі әлемін зерттеу қоғамы мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бірлескен жобасы аясында түсірілімі жүріп жатқан «әл-Фараби-Өркениет философы» атты деректі фильмінің тұсаукесері өткізу жоспарланып отыр. Форумнан соң бұл фильмді Альянсқа мүше мемлекеттердің ұлттық телеарналарынан көрсету қолға алынбақ.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ беделді Thomson Reuters агенттігінің «2011 жылғы ғылым төңірегіндегі жетістіктері үшін» арнайы дипломымен марапатталған Қазақстан Республикасындағы  бірінші жоғарғы оқу орны. Университеттің QS рейтингісіндегі позициясы – 275 орын.  Атақты халықаралық «GreatValueColleges» ұйымының қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ рейтингте 31 орынды иемденіп, әлем бойынша 50 технологиялық дамыған университеттер қатарына кірді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға тұрақты даму бойынша «United Nations Academic Impact» (БҰҰ Академиялық ықпал) жаhандық хабын басқару сеніп тапсырылды. Университеттің 2014 жылғы Webometrics рейтингісіндегі позициясы – 3670/ 1711 орын. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – БҰҰ Академиялық бағдарламасының тұрақты дамуы үшін жұмыс жасайтын Hub ретіндегі мәртебесі тағы екі жылға, 2018 жылға дейін ұзартылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақтылық жөніндегі бағдарламасының хабы ретінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің өкілеттігін ұзарту Қазақстан мен Орталық Азия жоғары оқу орындарының ғалымдары мен студенттерінің зияткерлік және академиялық әлеуетін үйлестіру үшін қуатты генераторы болып табылады.

2014 жылы негізі қаланған «Халықаралық Фараби оқулары» онкүндігінің аясында ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФАРАБИ ФОРУМЫ, ғылымның әр салалары бойынша ғылыми-теориялық, ғылыми‐практикалық, ғылыми-әдістемелік онлайн конференциялар, халықаралық студенттік форум, дөңгелек үстелдер мен семинарлар, «Фараби әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық конференциясы, Инновациялық жобалар байқауы өткізіліп, Ғылым күні мерекеленеді.

«Фараби оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы – әл-Фараби мұралары мен оның заманауи қоғам дамуындағы рухани, тарихи философиялық және дәстүр мен ғылыми негіздерінің сабақтастықтарын, ғылым мен білім берудің интеграциясын қамтамасыз етуді, университеттердің инновациялық ғылыми-білім беру үдерісін жетілдіруді зерттейтін отандық және шет елдік ғалымдарды біріктіруге арналған.

Ғылым мерекесінің онкүндігінің ауқымды іс-шарасы ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФАРАБИ ФОРУМЫ ұлы ойшыл, философ-ғалым Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың идеяларын насихаттауға, заманауи Қазақстан қоғамының рухани-адамгершілік және интеллектуалды мәдениетін дамытуға, ойшыл мұраларын елімізде және алыс‐жақын шет елдерде танытуға бағытталған. Биыл үшінші рет өткізілгелі отырған бұл халықаралық форум үстіміздегі жылдың айтулы мерекелері Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына, ЮНЕСКО аясындағы Яасауи жылына және ТҮРКСОЙ аясындағы Жүсіп Баласағұн жылына арналған. Ғылыми Форум қатысушылары ғылым мен білім берудің интеграциясы, қазіргі қоғамның рухани-адамгершілік және интеллектуалды мәдениетін өркендету, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына негізделген жарқын қоғам құру тұрғысындағы Қазақстан-2050 Стратегиясының мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға қатысты мәселелерді талқылайды.

 

ІII ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФАРАБИ ФОРУМЫ ЖҰМЫСЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ:  

  1. Әл-Фараби мұрасы және ұлт жоспары: Бірегейлік және бірлік
  2. Түркі өркениетінің екі ұлы интеллектуалы: әл-Фараби және Ясауи
  3. Әл‐Фарабидің ғылымдарды жіктеуі және қазіргі жаратылыстанудың өзекті мәселелері
  4. 21 ғасырдың инновациялық әлеуеті және тұрақты дамудың мәселелері
  5. Ғылыми метрия және қоғамның ғылыми-технологиялық дамуын басқару
  6. Адам капиталы – интеллектуалды ұлт әлеуетінің негізі

Форум аясында келесі пікір-сайыс алаңдары өз жұмысын жүргізеді:

 

  1. Кіші Фараби академиясының пікір-сайыс алаңы «Қазақстандық арман философиясы».
  2. Дінтанулық зерттеулер және экспертиза орталығының пікір-сайыс алаңы «Әлемдік діндер және миссионерлік».
  3. Қоғамдық денсаулық сақтау Жоғары мектебінің пікір-сайыс алаңы «Дені сау адам – бақытты ұлт – мықты мемлекет».
  4. «Политолог» студенттік пікірсайыс клубының пікір-сайыс алаңы «Жаһандану жағдайында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету».
  5. Әлеуметтік зерттеулер және әлеуметтік инжинириг орталығының пікір-сайыс алаңы «Қазақстан қоғамы: әлеуметтанулық талдаудың жаңа перспективалары».
  6. Білім беру технологиялары ғылыми-инновациялық орталығының пікір-сайыс алаңы «Құндылықтық-мазмұндық құзыреттілікті студент жастарды рухани-әдептік тәрбиелеудегі басымдық ретінде дамыту».

Форум жұмысына қазақстандық және шетелдік саяси және қоғам қайраткерлері мен белгілі ғалымдар: Олжас Сүлейменов, Әбсаттар қажы Дербісәлі, Мұрат Жұрынов, Әбдімәлік Нысанбаев, Роллан Сейсенбаев, Клара Тәжікова, Ғалия Құрманғалиева (Қазақстан), Бекір Қарлыға, Азим Туна, Вейсел Шимшек (Түркия), Альберт Фишлер (Франция), Чарльз Мэлвилл (Ұлыбритания), Аббас Хамэиар, Мухаммад Мехди Теһранчи,  Aхмад Хатами, Асхар Сабери (Иран), Валерий Бадмаев (Ресей) және т.б. қатысады деп күтілуде.

Форум барысында Түркиялық мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Бекір Қарлығаның «әл-Фараби өркениет философы» деген атпен қазақ және орыс тілдерінде  жарық көрген  кітабының тұсаукесер рәсімі мен «Әл-Фараби» (Қазақфильм) деректі фильмінің көрсетілімі болады. Ғылыми форум барысында «ҚазҰУ Хабаршысы. Дінтану сериясы» журналының презентациясы өткізіледі.

Сонымен бірге, ғылыми форумның мәдени бағдарламасының аясында Жамбыл облысы, Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан мәдени-тарихи ескерткіштермен шетелдік қонақтарды таныстыру мақсатында «Түркі өркениетінің бесігі» атты мәдени-этнографиялық тур жоспарланған (жеке бағдарлама бойынша).

ІII Халықаралық Фараби Форумының Өткізілетін орны: Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 71, әл-Фараби атындағы Қаазақ ұлттық университеті, әл-Фараби кітапханасы, 4 қабат, конференц-зал.

 Ұйымдастыру комитеті

Қазақстан Республикасы, 050040, Алматы қаласы,

Әл-Фараби даңғылы, 71.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Телефон: (8-727) 292 57 17 + қосымша 21-24, 21-25.

8 701 608 97 92

e-mail: farabiforum.kaznu.kz; farabiforum@gmail.com