ҚазҰУ-ға Чонбук университетінің президенті келді

10.08.2017

Көрулер: 2680

ҚазҰУ-ға Чонбук университетінің президенті келді.  ҚазҰУ-дың оқу жұмысы жөніндегі проректоры Асқар Хикметов Чонбук университетінің президенті Нам Хо Ли бастаған Корея делегациясымен кездесті.

Аталған кездесуге Чонбук университетінің өкілдерімен қатар, шығыстану факультетінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары Р.Е. Құдайбергенова, әл-Фараби диагностикалық орталығының директоры Э.А. Калиев, қиыр шығыс кафедрасының меңгерушісі Н.Б.Ем, халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры міндетін атқарушы А.А. Асылбекова және т.б. қатысты.

Кездесу барысында сөз алған оқу жұмысы жөніндегі проректоры А.К. Хикметов ҚазҰУ-дың Орталық Азияда алатын орны мен жеткен жетістіктеріне тоқталып, ҚазҰУ мен корей университетері арасында әртүрлі бағытта 48 келісімшарт барын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, проректор оңтүстіккореялық әріптестермен бірлескен «Smart Health» медициналық диагностикалық орталығының ашылуы сіздермен тығыз байланысымыздың айқын көрінісі деді. Өз кезегінде сөз алған Чонбук университетінің президенті Нам Хо Ли Кореядағы білім беру жүйесімен таныстырып, университеттер арасында қарқынды ынтымақтастық орнату мен нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

ҚазҰУ мен корей университеттері арасындағы әріптестік Қазақстанда әлемдік жоғары стандарттарға негізделген медицина қызметкерлерін дайындаудың жаңа бағытын айқындайды. Денсаулық сақтау, стомотология саласында бәсекеге қабілетті білікті мамандар дайындау және заманауи технологияларды пайдалану бойынша корей ғалымдарының тәжірбиесіне сүйену кездесудегі басты тақырыбының бірі болды. Сонымен қатар, шара барысында тараптар IT, медицина, стомотология, студенттер алмасу, білім беру, академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша қарым-қатынас орнатып, бірлесіп мамандар дайындау жайын сөз етті. Екіжақты ынтымақтастықты жетілдіру мақсатында жекелеген мамандықтар бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын құру, оқытушылардың біліктілігін арттыру бойынша тағылымдамадан өту, тәжірибие алмасу, қос дипломды білім беру салаларын дамыту  жайы да назардан тыс қалмады.