Мақсат – білім сапасын арттыру

23.02.2017

Көрулер: 2527

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дені сау ұлтты дамытуда алға қойған маңызды міндеттерін жүзеге асыру мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақстан тағамтану академиясы (ҚТА) арасында ынтымақтастық келісімі жасалды.  Ынтымақтастық аясында университеттегі Қо­ғам­дық денсаулық сақтау жоғары мектебінде (ҚДЖМ) нутрициология кафедрасын ашу туралы меморандумға ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов пен ҚТА президенті Төрегелді Шарманов қол қойды. 

ҚазҰУ мен ҚТА ынтымақтастығы ғылым мен тәжірибе, білім беру интеграциясы жолында медициналық білім беру сапасын арттыру үшін ресурстардың интеллектуалдық және техникалық қабілетін біріктіруге бағытталады. ҚазҰУ-дың нутрициология кафедрасы өз жұмысын медици­на ғылымдарының докторы, академик Т.Ш.Шар­мановтың жетекшілігімен бастайтын болады. Әлемдік медициналық ғылым саласына қос­қан үлесі үшін берілетін Леон Бернард атын­дағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау қоры сыйлы­ғының лауреаты, профессор Т.Шарманов өз сөзінде: «Еліміздің жетекші оқу ордасында кафедра басқару – мен үшін үлкен мәртебе. ҚазҰУ мен Академияның бірлескен қызметі нутрициология, диетология, микронутриент тапшылығы профилактикасы саласындағы оқу-білім, ғылыми-зерттеу, консалтингтік және сарапшылық ынтымақ­тастығына негізделіп отыр», – деп атап өтті. Профессор нутрициология кафедрасының ашы­­луы халықтың дұрыс тамақтану мәдениеті мен сала­уат­ты өмір салтын қалыптастыруда маңызға ие екеніне тоқталып өтті. Бұл жұмыстар дәстүрлі технологияны жүзеге асыруға, тамақтану индустриясына инновациялар енгізіп, тағам өнімдерін өндірудің жаңа технологияларын жасауға бағытталатын болады. Ұлттық университет пен Академия серіктестігі аясында күрделі және қолданбалы медицина-биологиялық зерттеулер жүргізу, мемлекеттік және халықаралық қоғамдық ұйымдар мен қорлардың грант байқауларына қатысу, сондай-ақ нутрициология саласында әлемнің жетекші мамандарының қатысуымен студенттер мен мамандар үшін білім беру және ғылыми дәрістер өткізу тәрізді бірлескен шаралар жоспарланып отыр. Сонымен бірге, ынтымақтастық тамақтану мәселелері бойынша отандық қоғамдық денсаулық сақтаудың таңдаулы дәстүрлері мен әлемдік тәжірибені пайдалануға мүмкіндік бермек. Кездесу барысында Төрегелді Шарманов бие сүті мен жылқы майынан әзірленген өнімдерді таныстырып өтті. Академик оларды иммундық-биологиялық және емдік-профилактикалық жоғары қасиетін сақтай отырып, өндірудің инновациялық технологиясы туралы айтып берді. ҚазҰУ Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің ғылыми қызметі эпидемология, гигиена, терапия және спорттық медицина мәселелері бойынша көпжоспарлы зерттеулер жүргізумен тікелей байланысты. Бүгінде медицина факультеті спорттық медицинаны дамытуда халықаралық алаңға айналып келеді. Оның айқын мысалы ретінде 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізу кезеңінде университетте «Халықаралық жарыстарды ұйымдастыру кезінде спортшыларды қолдаудың медициналық-биологиялық аспектілері» тақырыбында конференция ұйымдастырылғандығын атап өтуге болады. Осынау маңызды жиынды өткізуде оқу ордасына еліміздің мәдениет және спорт, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, Қазақстан тағамтану академиясы, FISU халықаралық спорт федерациясы мен «Бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиада – 2017» медициналық қамтамасыз ету және допинг бақылау департаменті қолдау білдіргендігін айта кеткен жөн.