Қазақстан мен Венгрия бас қосқан тарихи шара

17.11.2016

Көрулер: 2312

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Венгриядағы революцияға 60 жыл» толуына орай мерекелік шара өткізілді. Тарихи бағдарлама «Венгрия революциясы мен 1956 жылғы азаттық үшін күрестің 60 жылдығын еске алу» негізінде құрылған Комиссия қолдауымен Венгрияның Алматыдағы Бас консулдығымен біріге отырып ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шараға ҚазҰУ басшы­лығы, Венгрияның арнайы, өкілетті елшісі Андраш Барани, тарихшы, профессор Миклош Кун, бас консул Ференц Блау­манн, ішкі экономика аттташесі Дёрдь Тар және профессорлық-оқыту­шылық құрам мен университет студент­тері қатысты.
«Қазақстан мен Венгрия арасында стратегиялық серіктестік қарым-қаты­насы қалыптасқан. Елдер арасындағы саяси диалогтің белсенді реттелуіне екі халықтың тарихи жақындығы, еркіндікке ұмтылуы және ұлттық мәдениет пен дәстүрінің өркендеуі әсер етті», – деп өз сөзінде атап өтті Андраш Барани.
Іс-шара бағдарламасы аясында «Играем спокойно» атты венгер фильмінің көрсетілімі болды және профессор Миклош Кун мырза Қазақстан мен Венгрия тарихшыларының диалогтарын саралай келіп, 1956 жылғы Венгриядағы революцияға қатысты ғылыми бағасын беріп, баяндама жасады.
Тарихи шара 1989 жылы ақталып шыққан венгер күресінің 60 жылдығын, қазақтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығын, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толуын тірек етіп тағдырлас қос халықтың тарихы туралы ортақ мінбер  пікір алмасу мақсатында ұйымдастырылды.