АҒАРТУШЫ. ҒАЛЫМ. ПЕДАГОГ. ТҰЛҒА

18.02.2010

Көрулер: 4533

2010 жылдың 23 ақпанында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қазақтың көрнекті педагог психологы, республикадағы педагогика ғылымының тұңғыш докторы, профессор, Қазақ КСР ғылым академиясының академигі Төлеген Тәжібайұлы Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойы аталады.

Төлеген Тәжібаев - жоғары азаматтықтың, патриотизмнің, адамгершіліктің, өз халқына және Отанына қызмет етудің жарқын үлгісі. Ол көреген ойлары мен бар күш жігерін елінің «ертеңіне» арнады. Т. Тәжібаев өзінің қысқа ғұмырында жоғары оқу орнының қатардағы доцентінен халық ағарту комиссары, Қазақ КСР мәдениет және сыртқы істер министрі қызметіне дейін көтерілді.

Төлеген Тәжібаевтың өмірінде көптеген қиындықтар болды. Академик Т. Тәжібаевтың қазақстандық педагогика мен психология теориясының дамуына қосқан үлесі баға жетпес, ғылыми еңбектері жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу саласындағы ғылыми зерттеулерде бүгінге дейін оқу құралдардың қосымшасы түрінде қолданып келеді.

Т. Тәжібаев мемлекеттің жетекші жоғары оқу орны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дамуына үлес қосқан. Сондай-ақ, ғылымның түрлі саласында мамандар даярлауға айрықша көңіл бөліп, жас ғалымдарға жан-жақты көмек көрсетуге тырысты. Алғашқылардың бірі болып университет факультеттерінде қазақ бөлімдерінің ашылуына жағдай жасады.

Көреген ғалым ретінде Т. Тәжібаев ғылыми саланы дамыту керектігін жақсы түсінген. Сол кездегі Қазақстанның жалғыз университетін ғылым ордасының шоғырына құрмақ болды. Өз күшімен университет қабырғасында шығыстану, фиософия, психология саласының мамандарын дайындады. Көшбасшылық қасиеті бірден байқалатын, сол жылдары мемлекеттегі ғылымның жаңа саласы жантану - психологияны дамытуға атсалысты. Зиялы қауымның өкілі ретінде қазақ тілінің тағдырына жанашыр болды, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде маңызды құралдың бірі екендігін көре білген.

Ғылыми еңбектерінде дәстүрлі «халық педагогикасы» мен ғылыми зерттеу нәтижелері көрініс тапты.

10 маусымда Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өмірін ғылым және білім саласына арқау еткен, көпшілікке үлгі тұрарлық тұлға - академик Төлеген Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Жоғары білім берудің қазіргі мәселелері: жетістіктері мен болашағы» атты халықаралық ғылыми практикалық конференциясы болады.

Мекен-жайымыз: Алматы қ., әл-Фараби даңғылы, 71. ҚазҰУ-дың Жаңа тарих мұражайы (кіре беріс ректорат жақтан).

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі (727) 37735 20