Ұлыбританияда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түлектер Қауымдастығының бөлімшесі ашылды

11.02.2010

Көрулер: 3109

Жақында Лондон қаласында (Ұлыбритания) әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түлектер қауымдастығының бөлімшесі ашылды. Бөлімшенің ашылу салтанатына іс-сапармен барған ҚазҰУ-дың ректоры Бақытжан Жұмағұлов пен Ұлыбританияда білім алып, жұмыс істеп жүрген қазақстандық студенттер мен түлектердің кездесуі себеп болды.

Кездесуде студенттердің тұрмыстық жағдайы мен білім алуына қатысты мәселелер мен биылғы Қазақстанның ЕҚЫУ-ға төрағалық етуі талқыланды. ҚазҰУ ректоры көпшілік назарына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауынан үзінді келтіріп, құжаттың стратегиялық маңыздылығын түсіндірді.

Қазіргі таңда Ұлыбританияда білім алып жатқан 4 мың қазақстандық студенттер Лондонда ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының бөлімшесін ашуды ұсынды. Университет те өз кезегінде жастардың бұл ұсынысын бірауыздан қолдады. Бөлімшенің төрағасы болып Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландиядағы Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Әбусейітов тағайындалды. Қайрат Қуатұлы ҚазҰУ-дың түлегі, кезінде тарих факультетін тәмамдап, талай жылдар бойы қарашаңырақта қызмет еткен.

2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түлектер қауымдастығы құрылды. Бірауыздан қауымдастықтың төрағасы болып Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қайрат Мәми сайланды. Университет құрылғанынан бастап қарашаңырақты 125 мың түлек түлеп ұшқан, бүгінде олардың әрқайсысы дүниежүзінің түкпір-түкіпірінде еңбек етіп университет статусын ақтап келеді. Сондай-ақ туған білім ордасына, студенттердің оқуына және жұмысқа орналасуына жағдай жасап, ғылыми-ағартушылық шаралар мен промоушн-акцияларды ұйымдастыруға атсалысып жүр.

ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының бөлімшелері Қазақстанның әр облысында және Мәскеуде ашылған. Жақында Алмания мелекетінде де ашылады деп күтілуде.

Лондонда ашылған ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының бөлімшесіне қазірден бастап құттықтаулар түсіп жатыр. Университет түлектері бұл дәстүрдің әрі қарай жалғасын табатындығына сеніммен қарайды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі