Тау тұлға

31.12.2015

Көрулер: 4211

Өскелең ұрпаққа өнегелі жол нұсқайтын дара басылым «Өнегелі өмір» сериясының кезекті 61-шығарылымы танымал мемлекет және қоғам қайраткері, аса көрнекті әдебиеттанушы, ғалым, ҚР ҰҒА академигі Нұрғали Рымғали Нұрғалиұлына арналды.

Кітапқа Рымғали Нұрғалидің биографиясы, суреттері және ғылыми мақалалары мен әр жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген жариялымдары енген. Сонымен қатар профессордың замандастары мен шәкірттерінің жылы лебіздері кітаптың бір тарауына арқау болған. Кітап барша оқырмандарға арналған, соның ішінде білім беру саласында істейтін қызметкерлер мен студенттерге өте пайдалы.

Іс-шараның шымылдығын түре отырып, ҚазҰУ ректоры Рымғали Нұрғалиұлының өмірі мен еңбек жолы өскелең ұрпаққа үлкен үлгі екенін атап өтті. «Рымғали Нұрғалиұлы қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан азамат. Оның еңбектері болашақ әдебиеттанушыларға, жазушылар мен журналистерге таптырмас көмекші құрал. Ол тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шетелде де танымалдылыққа ие болған. Оның еңбектері Франция, Түркия, Үндістан, Корея және Қытай сияқты елдерде аударылып, мойындалған», - деді ректор.

Кездесуге жазушылар, филолог ғалымдар мен журналистер қатысты. Олар Рымғали Нұрғалидің кәсіби қызметі жайлы сөз етті. Ғалымның өмірінен қызықты оқиғалар мен бірлесіп жасаған жұмыстары туралы естеліктермен бөлісті.

Соның ішінде, Төлек Тілеуханов жазушының қазақ әдебиетін зерттеуге қосқан үлесіне ерекше тоқталды. «Ол театртану мен театр сынын қалыптастыруда қазақ жазушыларының ішінде алғашқылардың бірі болды. Сонымен қатар, ол репрессияға ұшыраған А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Б.Майлин сияқты жазушылардың өмірі мен шығармашылығын зерттеумен айналысты», - деді.

«Қазақ университеті» баспасынан «Өнегелі өмір» сериясымен жарыққа шығатын кітаптар ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтановтың бастамасымен жүзеге асуда. Бұған дейін кітаптың Ө.Жолдасбековке, О.Сүлейменовке, З.Қабдолловқа, Т.Кәкішевке, С.Зимановқа, Т.Амандосовқа, К.Смайыловқа, Ә.Нұршайықовқа, А.Идрисовқа, С.Байжановқа және басқа да танымал тұлғаларға арналған сериялары жарық көрген болатын.